Жаңа жылда зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері біршама өсті

536

Жаңа жылдың жаңа бағамдары ел еңсесін көтерді. Әсіресе, зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері өскенін естігендер, қолдарына қаржысын алғанша асық. Банк бөлімшелеріне келіп, аударымын тексеріп жүргендері де бар.

Мереке Мұқанов, зейнеткер

Мереке Мұқанов зейнеткер: «Бұрын 31-ші желтоқсанда  аударып қоятын еді. Біздің тілегіміз бір — ертерек  аударса, зейнетақымызды 3-ші қаңтарда алатын едік. Маңдай терімізбен тапқан ақшамызды мерзімінде алғанымыз дұрыс. Күн көрісіміз осы. Жастарымыз жүр несие алып, өтей алмай. Есесіне коммуналдық төлемдер де қымбат».

Жауаптылар мерекелік демалыс төлемдердің түсуін кешеуілдеткенін жасырмайды. 3 — қаңтардан бастап берілетінін де айтты. Зейнетақы төлемдері 7 пайызға өскенін жеткізді. Ал ең төменгі зейнетақы мөлшері 36 108 теңге болды. Базалық зейнетақының мөлшері — 16 037 теңгеге дейін жоғарылапты.

Несібелі Қаражанова

Несібелі Қаражанова, «Азаматтарға арналған үкімет» МК коммерциялық емес АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының өкілі: «Жаңа жылдан бастап, АЕК-тің артуына байланысты бірінші, екінші, үшінші балаға 95 950 теңге төленеді. Ал төртінші және одан кейінгі балаларға -159 075 теңге бір реттік жәрдемақы беріледі. Бала бір жасқа толғанға дейінгі төлем мөлшері де өсті.
Бірінші балаға 14 544 теңге беріледі. Екінші балаға 17 196 теңге, Үшінші балаға 19 822 теңге төленсе, төртінші және одан кейінгі балаларға 22 473 теңге ай сайын түсіп тұрады. Мүгедек баланы күтушілер мен қамқоршыларға берілетін жәрдемақылардың тағайындалуы мен арттырылуы 1,05 АЕК мөлшерінен алынып, 31 183 теңгені құрады».

Шынар Оразова