Жаңа оқу жылына тағы 30 оқулық әзірленеді

206

«100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемге үздік деп танылған тағы 30 оқулық қазақ тіліне аударылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Бұл туралы Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Астанада Жастар жылының ресми ашылуында мәлімдеді.

«Құрметті Елбасы, өткен жылы сізге «100 жаңа оқулық» жобасымен аударылып басылған алғашқы 18 оқулықты таныстырдық. Әрқайсысы еліміздегі  115 жоғары оқу орнына 10 мың данамен таратылды. Оқулықтардың электронды нұсқасы Интернет арқылы еркін қолданысқа берілді. Соның арқасында бұл жоба аз ғана уақытта еліміздің барлық оқу орындары, оқытушылары мен студенттеріне әлемнің ең озық  білім мен ғылым орталықтарының алтын қорын ашып берді», — деді Рауан Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, дүние жүзінің ең беделді ғалымдарының әлемге миллиондаған данамен таралған келесі 30 оқулығы қазақ тіліне аударылып жатыр. Бұл оқулықтар да таяу арада басылып,  жаңа оқу жылында студенттердің қолына тиеді. Аудармамен қатар, жетекші мамандар мен оқытушылардың видеодәрістері қамтылған онлайн-курстар да әзірленіп жатыр. «Видеодәрістер конспектілермен, жаттығулармен және білімді тексеретін сұрақ-жауаптармен толықтырылған. Жаңа оқулықтар негізделіп жасалған онлайн-курстар «Астана ашық университеті» атты жаңа білім беру жобасының негізі болады», — деді Р. Кенжеханұлы.

Айта кетейік, Р. Кенжеханұлы Қазақстанда әлемнің жетекші университеттерінің онлайн-курстарын қолжетімді ететін «Астана ашық университетінің» ашылатынын мәлімдеді.  Жастар жылының ресми ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келді.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.  Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтқан болатын Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.