Жалғыздық деген бұрын қазаққа тән емес-тұғын. Бүгінде сопайып соқа басы ғана жүретін жандардың қатары көбейіп бара жатқандығы байқалады. Әрине, ешкім де жалғыздықты Жаратқаннан жалынып сұрап алмас.
Бірі тағдырдың тайғақ жолында жалғыздықты жанына серік етсе, енді бірі өз еркімен қалап алады. Жыл жылжыған сайын әлемде жалғыздықтан жапа шеккен жандардың саны артып келеді екен. Зерттеу жүргізген оңтүстік кореялық ғалымдар мұны ғылыми прогреспен түсіндіреді, яғни, бүгінде технологияның мықтап дамыған заманы. Корея бүгінде әлемдегі жалғызбасты жандардың көптігімен алдыңғы қатарда тұр.
Зерттеу көрсеткендей, адамдар теледидармен дос, ғаламтормен дос, әлеуметтік желілер жетерлік, әйтеуір зеріктірмейтін құрылғылар жетіп артылады. Артықшылығы мол компьютер, ұялы телефон, ғаламтордың қолжетімділігі, материалдық жағдайдың жақсаруы, айналадағы адамдарға деген сенімсіздік. Осының бәрі де адамдардың жападан-жалғыз қалуына, адамдармен араласпауына әкеп соқтырады екен.
Бүгінгі ақиқат: қарым-қатынастың жаңа түрі пайда болды. Яғни, ғаламтордағы достық. Әлеуметтік желілерде әлдебіреулер менің пәленше досым бар деп мақтанатыны сияқты. Темір тетік достармен араласуға жақсы-ау алайда адамдық жылулықты бере алар ма екен? Бірақ оны кім түсінер? Қажет нәрсеңді көзді ашып жұмғанша алдыңа тосатын ғаламтордың ғажайыбы да бүгінде жұртты жалықтыра бастады. Эротика мен порнографияны көріп жерінді. Махаббат хикаялары да тойдырды. Сезім мен сырға толы өлеңдерді де темір тетікпен тауып алуға болады. Ал сол сөздерді біреу құлаққа сыбырлай отырып жеткізсе қандай ғажап!..
Бүгінде біреулер үшін арманға айналған байлыққа қол жеткізіп, биік белесті бағындырған ханымдарымыз жетерлік. Бір басында хан сарайындай баспанасы бар, ең соңғы моделді қымбат көлігі, қаладағы қалталылар ғана бара алатын кешенге арналған клубтық картасы да бар, жыл сайын шетелдерге барып демалатын миллиондаған қаржысы бар бикештеріміз көбейіп келеді. Бір қарағанда төрт құбыласы түгел бақытты жандай сезіледі. Бірақ оның отбасы жоқ. Отбасылық бақыттың не екенін сезіне де алмайды. Біреулер мұны еркіндік дер, біреулер тәуелсіздік дер, енді біреулер бақыт дер мұны…
Ал бұл жалғыздық деп аталатынын көп адам мойындағысы келмейді. Қандай да бір биіктікті бағындырып, сол қуанышты өзіне ең жақын адамдармен бөлісе алмау да — бақытсыздық. Бұл да болса жалғыздықтың бір туысы. Жалғыздыққа «жар» болған жандардың бірі жастық шағында ілім қуып, ғылымның соңына түсіп өз бақытын жолықтыра алмағандығын айтып ақталады. Енді бірі соңынан жүгірген жігіттердің ішінен «ақ бозатқа мінген ханзадасын кезіктірмедім» дер. Біреу махаббатқа мас болып «күйіп» қалғанын алға тартады. Бірақ олардың біразы өзін жалғызбын деп санамайды. Бас алдырмайтын жұмысты отбасының рахатымен алмастырғысы жоқ. Көшедегі бейтаныс адам оның жан-жарасын түсіне алмайды. Бастықтың қалай ұрысқанын ағынан ақтарылып біреуге айтқысы-ақ келеді. Бірақ кімге?
Барып жүрген шаштаразыңыздың сенің басыңның ауырғанында жұмысы бар ма, оның оған түкіргені бар. Жұмысын жақсылап атқарып, алдына келген адамның ақшасын алса болғаны. Ұжымдастар дерсіз, олардың да арасында жылы сөзге, жылы қабаққа зәру боп жүргендері жетерлік болар. Расында бүгінде жылулыққа, мейірімге мұқтаж адамдар аз ба арамызда. Отбасылық психолог дерсіз. Жоғары білікті психологтың өзі жалғыздықтың жарасын жаза алмайды. Олардың айтуынша расында бүгінде жалғыздықтан жабыққан жандардың көп келетінін айтады. Жалғыздықтан құтылудың жолы деп біреулер үй хайуанаттарын асырап жатады. Бірақ ол қазақ үшін қол емес. Ол сен үшін күйіп, ауырғанда басыңды сүйемейді. Өйткені ол адам емес қой…
Бірде қаладағы Қонаев даңғылындағы мейрамханалардың біріне жолымыз түскен. Әлдебір көрініс көңілімізге көлеңке түсіргені. Қазақтың әп-әдемі қызы қуыршақтай сүп-сүйкімді, «сувенир» сияқты күшікті мойнына алтындалған қарғыбау тағып жетектеп алыпты. Әлгі сабалақ жүндері жер сызған күшіктің басына бантик тағып қойғанын қайтерсіз. Онысы алқызыл түсті екен. Сонысына қарап күшіктің «нәзікжанды» екенін аңғардық. Біруақытта әлгі құйттақандай қуыршақ басымен қыздың аяғын қасылады. Сірә дәрет сындырғысы келгендігін түсіндіргені болар. Қыз «қуыршағын» құшақтап талдың түбіне әкелді. Бір аяғын көтеріп қажеттілігін өтеп болған күшіктің артын ылғалды сүлгімен сүртіп алды. О заманда бұ заман иттің артын жуған қазақтың қызын кім көрген? Жағамызды ұстадық. Төрт аяқты сенімді серігінің аяғын сүртіп көлігіне отырғызып ызғытып кете барды. Оның орнына сүп-сүйкімді сәбиін ертіп жүрсе қандай жарасымды болар еді?..
Қу тізесін құшақтап, жападан-жалғыз жүрген жандар көп қой арамызда. Айналадағы толған адамнан бірде-бір дос таба алмай, достық пейілін ұсынғандардан басын ала қашып, сенімсіздікті жанына серік еткен жандардың жан жарасын кім түсінер? Маңдайға жазылғаны осы болар дейтіндер де табылар, бірақ тағдырдың дұрыс бағытқа бет бұруына адам өзі үлес қоспай ма? Кезінде қосылайық деп қолқа салған жандарға жоғарыдан қарап, менсінбей мазақ етіп, жасы ұлғайған шағында жалғыздықпен жұбайласқан жандарды да жоқ дей алмайсыз. Бүгінде ешкім де жалғыздықтан құтылудың жолы мынау деп көрсетіп бере алмайды. Дұрысы емі жоқ ауру десе де болады. М. Шахановтың:
Не бермек тәннің одағы, жаныңа жаның қосылмау,
Бұл нағыз бедеу қасірет, қосылмау деген ашылмау.
Сондықтан махаббатың да, сырт санын құрайтындар көп
Жәй көзге күліп жүргенмен, жасырын жылайтындар көп» деп жырлауы осы тақырыбымызға дөп келетіндей.
«Балаңды өзің бағып ал…»
Бүгінде қазақы деген әжелердің өзі балаларынан безінердей халде. Немересін бағып-қағу олар үшін ауыр азап. Баладан безінердей әжелердің басына не күн туды дерсіз? Басты себеп: жан тыныштығы. Бүгінгі бала тәйт дегеніңді тыңдар ма? «Бір бала бір кемпірді өлтіріпті» дегендей бүгінгі балаларды қарау қиынның қиыны. «Өз балаларымды бақтым, қақтым, жетілдірдім, ендігісі немерелерді бағу ед, өз балдарыңды өздерің бағып алыңдар». Бұл бүгінгі әжелердің уәжі.
Баладан да тәтті немерені бағуды неге сонша ауырсынады? Оның орнына сағыздай созылып бітпейтін сериал тамашалағанды артық көреді. Оның орнына көрші кемпірлермен бірқайыру өсек айтқан жақсы. Оның орнына қалаға барып қыдырып қайтқан жақсы. Оның орнына әйелдермен «гәп» ойнап, реті келсе жүздетіп алған жақсы. Осы «жақсы-жақсылардың» арқасында әжелеріміз немерелерінен безініп жүр. Тәтті қылығы бар, балдай тәтті күлкісімен жасты ұзартуға сеп немере шіркіннің орнын әжелеріміз жалғыздыққа айырбастағысы бар. Үйді басына көтеріп у-шуға толтыратын немереден гөрі айнала тып-тыныш тыныштықты қалайды. Ұрпақ жалғастығы, ұрпақтар үндестігі, отбасылық құндылық аңырап айдалада қалғандай.
Бұрынғы туыстық қарым-қатынаспен жылап көрісерлік халге жеткізбегей. Мейірімге мұқтаж боп өскен бала кейін қартайған шағында қарар ма? Осылайша мейірімсіздіктің дәнін бүгіннен сеуіп жүргендей ме біреулер? «Сен мені кішкентайымда бала-бақшаға өткізіп тастағансың, енді мен де сені қарттар үйіне өткізіп тастаймын» деп бір бала айтты демекші, осындай бір тәмсіл ертеңгі күні шындыққа айналмасына кім кепіл?
Айназ Бейімбет