2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін олардың жеке табыс салығы 10 есеге азаяды. Яғни 63 125 теңгеден төмен жалақы алатындарға 1 пайыз салық ставкасы қолданылатын болады, деп хабарлайды Шымкент қаласы бойынша МКД Түсіндіру жұмыс басқармасы.
Мысалы, жұмыскердің жалақысы 63 125 теңге, бұл соммадан 6312 теңге міндетті зейнетақы жарнасы және ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге алынып тасталады. Қалған 14 312 теңге салық салынатын табыс болып табылады және жаңа механизмге сәйкес, 1 пайыз немесе 143 теңге жеке табыс салығы ұсталады (осыған дейін 10 пайыз немесе 1431 теңге болған).
Жыл сайын Қазақстанда жаңа ең төменгі жалақы мөлшері мен айлық есептік көрсеткіш белгіленеді. «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР 30 қараша 2018 жылғы №197 Заңына сәйкес 2019 жылға АЕК- 2525 теңге, ал ЕТЖ – 42 500 теңгені құрап отыр.