«Мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік тек біздің облысымызда ғана емес, республика бойынша көтеріліп жатқан мәселе», — дейді Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова.
Педагогтың мәлімдеуінше әлеуметтік желіден көрген бейнематериалдан балалардың арасында мұндай жағдай бұрыннан үздіксіз орын алып жатқаны көрінеді. Балалардың «жол асты», «үстінде тұрады» деп бөлініп, өзара мәселе шешуі белгілі болып отыр.
Сондықтан облыстық білім басқармасы осы мәселелерге қатысты осы бағытта бұрын қандай жұмыс жүргізілгенін зерделеуде.
«Әлеуметтік желіде тараған оқиғаға қатысты тиісті тергеу амалдары аяқталғаннан кейін, біз шара қабылдаймыз. Бірақ, оған дейін де біз қарап отырмаймыз, осы аптада облыс бойынша ата-аналардың бірыңғай жиналысын өткізбекпіз. Жиында орын алған оқиға талқыланып, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселесі де қаралмақ. Жалғыз мектептің шамасы келмейді. Білім туралы Заңның 49 бабы 2 тармағында » Ата-ананың баласының тәрбиесіне қатысты жауапкершілігі» нақтыланған. Тергеудің қорытындысы бойынша, әкімшілік кодекс бойынша шаралар қабылдаймыз», — дейді Ардақ Садықова.