Жол жоқ, автобус жоқ… Әл Фараби ауданында түйіткілді проблемалар шаш етектен

418

Мектепке барар жол жоқ. Шалғай елді мекендерге автобус қатынауы қиын. Әл Фараби ауданында түйіткілді проблемалар шаш етектен. Жергілікті халық бүгін солардың бірқатарын халық алдында өткен жылы атқарылған есебін берген аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловқа жеткізді.

200 мыңнан астам халқы бар ауданға әкім болып тағайындалғанына көп бола қоймаған Ғ. Мәуленқұлов мырза өткен жылы атқарылған жұмыстарды ұсақ-түйегіне дейін тізбектеп шықты. Айтуынша, қаладағы ең орталық аудан тұрғындарының ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту көрсеткіші 100 пайызға жуықтайды екен. Дегенмен, Сайрам ауданынан қосылған «Бадам», «Сәуле» шағынаудандарының инфрақұрылымы әлі де сын көтермейді.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл Фараби ауданының әкімі: «Бадам» тұрғын алабын инфорқұрылыммен қамтамасыз ету 2019 жылға және «Сәуле» шағынауданы жаңақұрылыс аумағын 2020 жылға қамтамасыз ету жоспарлануда. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырмасымен «Бадам» тұрғын алабын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жобалаушы мекеме тарапынан жобалық- сметалық құжат әзірленді».

Жарыссөзге жазылғандар мен сауал жолдауға келген көпшілікті күпті еткен проблемалар сан қилы. Бірі мектепке бара жол жоқ десе, енді бірі қоғамдық көліктің жайына алаңдаулы. Табиғи газ бен ауызсудан тапшылық көрген, жол азабын тартып жүрген жұрт аудан әкіміне көкейіндегілерін жеткізді.

Ретсіз сауда. Биыл ауданда атқарылған ауқымды шара осы. Қырғы базар аумағындағы 30 шақты дүңгіршек сот шешімімен сүрілді. Аудан бойынша жабайы саудамен айналысқан мыңнан аса тұлғаға айыппұл салыныпты.

Ғабит Мәуленқұлов, Әл Фараби ауданының әкімі: «Шымкент қаласының құрылыс бақылау басқармасына және жер қатынастары басқармасына нысаналы мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлер бойынша 27 хат жолданып, 10 нысан бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сай 2 320 000 теңге көлемінеде айыппұл салынды».

Алда атқарылар шаруалар да аз емес. Көпқабатты үйлері көп ауданда биыл күрделі жөндеу жұмыстары қызғалы тұр. Аудан басшысы тиісті қаражаттар қаралса, биыл модернизация бағдарламасы аясында 22 көпқабатты тұрғын үйді жөндеуден өткіземіз деп құлшынып отыр.

Мақпал Рысбаева