“Мирас даму» ЖШС құрылысқа арналған тор өндірісін өркендетіп отыр. Шарнирлы тор, сылаққа арналған дәнекерленген тор және қалауға арналған тор өнімі дайындалатын кәсіпорын үстіміздегі жылы мамыр айының соңына қарай толық іске қосылады деп жоспарлануда.
Аталған кәсіпорын жылына 112,4 млн теңгенің өнімін өндіретін болады. Жобаның құны 150,0 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған шағын зауыт алдағы уақытта жұмысшылар санын 15-ке дейін көбейтпек ниетте.
Жетекшісі Еркебай Жыңғылбаевтың сөзінше, жұмысшылар құрамын жергілікті тұрғындар құрайды. Ал, жалақы мөлшері 80 мың мен 120 мың теңге көлемінде.
4 жыл бұрын осы іспен айналысуды қолға алған Еркебай Жекебайұлы жыл басынан бастап индустриалды аймақтан жер алып, шаруасын дөңгелетіп отыр.
«Отандық өнімге сұраныс та жоғары» — дейді кәсіпкер. Түркістанда жасалған өнімге қала аумағынан өзге республика бойынша тапсырыс берушілер саны күн санап арту үстінде.