Әкім орынбасарына оқ атқандардың ісі: шенеуніктің адвокаты мен туыстары мәлімдеме жасады

76

Оқ атылған түркістандық шенеуніктің туыстары қылмыстық істі жеңілдеткен құзырлы орган өкілдеріне наразы. Төле би ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваның қорғаушысы мен жақындары осындай мәлімдеме жасады. Айтуларынша, шенеунікке оқ атты деген күдіктілер қылмысты жасау алдын арнайы жоспар құрып, тапсырыс алған.

Тергеу кезінде күдіктілер қылмысын мойындағанымен, іс сотқа өтер алдын бұзақылық бабына ауыстырылған. Себебін түсіне алмай сергелдеңге түскен жәбірленушінің туыстары әділдік іздеп жүр.

Басына оқ тиген түркістандық шенеуніктің оқиғасы күннен күнге шиеленісіп барады. Бұл іс алғашқыда «адам өлтіруге оқталды» деген баппен қозғалған.Кейін ол қайта өзгеріп, тапсырыспен кісі өлтірмекші болды деген күдіктілердің ісі қайта дәрежеленіп, бұзақылық бабы бойынша сотта қаралуда. Қылмыстық істің жеңілдетілуіне жәбірленуші тарап әу баста- ақ қарсылық танытыпты. Келіспейтіндігі жөнінде сотқа өтініш жазғанымен нақты жауап берілмей отыр дейді шенеуніктің сенімді өкілдері.

Аудан әкімінің орынбасары Бейсебаева мен оның танысы Бектановтың араздасуы оқиғаның орын алуына себеп болған дейді құзырлылар. Шенеунікпен өштескен ер азамат оны өлтіруге тапсырыс беріпті. Ол қылмыстық әрекеті үшін 1 млн 300 мың теңге беруге уәде еткен. Тапсырысты қабылдағандар әкім орынбасырын аңдып жүріп, үйінің маңына барғанда оқ атқан. Алайда шенеуніктің туыстары Бектановтар отбасымен болған жанжал туралы ақпаратты растамады.

Туыстары арадағы қарыз ақша туралы қауесетті де жоққа шығарды. Ал айыпталушы тарап істің жеңілдеуі заңды деп отыр.

Еске сала кетейік, бұл оқиға өткен жылдың қазан айында орын алған. Тапа тал түсте аудан әкіміне оқ атып тапсырыс берді деген күдікпен алғашқыда төрт адам жауапқа тартылған. Қазір олардың екеуі қамауда отыр. Сот процесі жүріп жатыр, бүгінге дейін үш отырысы өткен. Әлі қорытынды шешім қабылданған жоқ. сотқа дейінгі тергеу жұмыстары бұзақылық, қару-жарақты заңсыз иемдену немесе алып жүру бабы бойынша ауыстырылған.

Тергеу мәліметтеріне көз салсақ, күдіктілер Рабиға Бейсебаеваға тапа тал түсте бас салған. Қаскөйлер бірінші шенеунік әйел мен оның жүргізушісін ұрып-соғып, кейін олар әл бермеген соң оқ атқан. Ақырында әкім орынбасары басынан жарақат алып, ауруханаға түскен еді. Күдіктілердің адвокаттарының айтуынша, Рабиға Бейсебаева ұсталғандардың бірінің шешесіне қомақты ақша бережақ болыпты.

Лаура Нақыпқызы