Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай бір шақырымға жуық қашықтықта орналасқан Құмшық ата жер асты мешіті және Жәудір ана мешіт-медресесін қайта қалпына келтіріп, жаңғырту мәселесі қолға алынуда. Бұл жөнінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы мәлімдеді.
-«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты 97 киелі-рухани орындар болса, олардың ішінде Құмшық ата жер асты мешіті мен Жәудір ана мешіт-медресесінің де маңызы зор. Аталған тарихи қос орынның арасы бір-біріне жақын тұста орналасқан. Деректерге сүйенсек, Құмшық ата жер асты мешіті Қожа Ахмет Ясауи есімімен тығыз байланысты.Қожа Ахмет Ясауи Қылуеттен жер асты жолы арқылы «Әулие Құмшық ата» мешітіне барып мінәжәт етіп отырғандығы айтылады. ХІІ ғасырда Құмшық ата да «Ғарда» өмір сүріп, шәкірттері «Шілдехана» бөлмесінде жиылып құлшылық ғибадаттарын жүргізген дейді»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы.
Сонымен қатар, 2008 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің Археология бөлімі деректерге сүйене отырып орнын тауып, зерттеген Жәудір мешіт-медресесі XX ғасырдың 40-шы жылдарына дейін жұмыс істегені анықталғаны белгілі. XIX ғасырға тән тарихи орынның айналасы қоршалып, арнайы қорғауға алынған.
«Түркістан мешітінде сауатын ашып, емші атанған Жәудір ананың кейінгі ғұмыры осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында өткен екен. ХІV ғасырда Әжі Ахмет салдырған мешіт-медресені, оның ұрпағы Жәудір ана ХІХ ғасырдың 50 жылдары қайта жөндетіп, Жәудір мешіт-медресесі деп атала бастапты. Медреседе дәріс беріп, бақ өсірген. Жергілікті елдің есінде «Жәудір мешіті», «Жәудір бағы» болғаны туралы деректер бар.
Археологтар бұл жерде өткен ғасырдың бірінші жартысында қиратылған Жәудір мешіт-медресесінің сорабын тауып, зерттеу жұмыстары нәтижесінде көптеген тың дерекке қанығып отыр.
Тарихи мәнге ие киелі-рухани орындарды қайта жаңғыртып, айналасына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, ел игілігіне беру ісі де қорық-музейдің күн тәртібінде тұрған басты мәселенің бірі»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Қадырұлы.
Айта кетсек, Құмшық ата мешітін 1973-1974 жылдары археолог Т.Н.Сенигова алғаш болып қазба жұмысын жүргізіп зерттеген. Нысанға 1985 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2013 жылы мешіт қайта қалпына келтіріліп, ішкі жағы консервацияланып үсті топырақ үйіндісімен жабылған.
XII ғасырда салынған Құмшық ата жер асты мешіті республикалық мәртебеге ие. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай бір шақырым жуық жерде, ашық аспан астында орналасқан. Биіктігі 3,4 метр, ұзындығы 15,7 метр, күмбезді бөлмесінің ені 3,5 метр. Жер асты мешітінің көне шаһар Ясыда бой көтеруі Ахмет Ясауи есімімен тығыз байланысты. Аталған ғұрыптық құрылыстың басында тіктөртбұрышты ойық орналасқан. Ойық кылуетке кіретін есік қызметін атқарып, иректелген тар дәлізбен жалғасады. Дәліз шеңбер пішінді бөлмеге алып барады және ол қылуеттің негізгі бөлмесі болып табылады. Осы негізгі шеңбер пішінді бөлме төрт бұрышты соңғы бөлмемен аяқталады. Шеңбер пішінді бөлменің төбесі күмбезделіп, ал төрт бұрышты бөлме шатыр тәрізді жабылған. Бөлмелердің қабырғаларында майшамдар үшін кішкентай қуыстар жасалған. Дәлізі иілген түрде негізгі бөлмелер сияқты, күйдірілген кірпіштен қаланған. Дәліздің орта тұсында жарық түсірілуге арналған құдық пішінді ойық орналасқан.
Ал, ХХ ғасырдың басындағы Түркістан қаласы мен оның маңындағы 62 мешіттің ең көнесі (ХІV ғ.) және ең атақтысы – Жәудір (Қажы Ахмет) мешіт-медресесі қарапайым махалләлік мешіттен қарылар дайындайтын оқу орны дәрежесіне дейін көтерілген бірден-бір діни орталық. Түркістан мешіттерінің ішінде оның алатын орыны ерекше, себебі, жоғарыда айтылған 60-тан аса мешітке қажетті қарылар дайындайтын орталық болғандықтан мұнда Құран мен Хадистерді, Шариғатты терең түсініп, талдап, аударып, мағынасын жеткізіп бере алатын аса ірі ілімгерлер ғана сабақ беретін болған.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі