«Қайнарбұлақтың» мәселесі биыл шешілмейді

367

«Қайнарбұлақ» шағынауданының тұрғындары жаһандану талаптарынан мақрұм қалғанына наразы. Себебі 100-ден астам шаңырақ орналасқан мекенде ешбір жағдай жасалмаған. Газ, су, жарық пен жол атаулыдан ада. Жағдайлары мегаполиске сай келмейтін тұрғындармен арна тілшісі тілдесіп, мәселе шешімін жауаптылардан сұрап көрді.

Бейсенбай Кенжебаевтың бұл үйде тұрып жатқанына 7 жыл болған. Өз күшімен 2 бөлмеден тұратын баспананы көтерген. 2012 жылы қала тұрғыны болған оның қуанышы көпке созылмады. Себебі бүгінде ауыз су, жарық пен жылуға жарымай отыр. Қалалықтар секілді талапқа сай өмір сүре алмай келеміз деп налиды.

Кенжебаевтар отбасынан бөлек «Қайнарбұлақта» тағы 100-ден астам жанұя осындай күй кешеді. Ауыз суды шақырым жерден тасып, майшаммен күнелтеді. Жарық демекші негізі 50 үйге шақталған жүйе бүгінде 100 баспанаға тартылған екен. Нәтижесінде, сапасыз электр жарығы үйдегі техникалардың жауына айналған.

Құралбай Сейдәлиев, қала тұрғыны: «Күніміз күн емес. Кешегі күнге дейін үйде свет болмады. Жаңалықтың барлығынан хабарсызбыз. Баяғының күнін кешіп жатырмыз. Балаларды мектепке апару бөлек мұң. Кей кездері қала салады сабақтан. Апайлары ұрысады сосын».

«Қайнар бұлақтың» тас төселмеген жолдарынан тұрғындар аяқтарын да сындырып алған. Балшыққа батып, ауруханадан бір-ақ шыққан тұрғындардың бірі Даникүл Кәрібозова. Жасы 63 — ті алқымдаған кейуана бүгінде төсекке таңылып жатыр.

Даникүл Кәрібозова, қала тұрғыны: «Күн сайын немерелерімізді бақшаға апарамыз. Балаларымыз бен келіндер күні бойы жұмыста. Ары бері шауып жүргенімізде осындай жағдайға тап болдық. Жолымыз жоқ болғаннан кейін осындай күй кешіп отырмыз».

Бағила Жамаяқова, қала тұрғыны: «Балаларымыз сабаққа бара алмайды. Жолдың барлығы лай деп жылайды. Күн сайын етік жуумен әлекпіз. Ал мектеп болса шаңнан көрінбейді. Балаларымыз болса сол шаңды жұтып сабақ оқып жүр».

Түйіні шешілмей тұрған мәселеге жауаптылардың өз нұсқалары бар. Айтуларынша «Қайнар бұлақтағы» жағдай келесі жылы ғана жақсарады. Шешімін толығымен тек 2021 жылы табады деп жоспарлануда.

Нұрлан Жаманкөз, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Жарық бойынша айтатын болсақ, осы жылдың шілдесінде жоба дайын болады. Жұмысқа қыркүйек айынан бастап кірісеміз. Барлығы да 2021 жылы дайын болады».

Ал оған дейін суды тасып, жарықты үнемдеп жағуларынан басқа амал жоқ. Себебі жауаптылардың «Қайнарбұлақты» жақсартамыз деген деген жоспары келесі жылға ғана межеленген.

Назерке Үкібасова