«Қайтпас-1» шағынауданындағы емханаға халық сыймай жатыр. Тар дәлізде иін тірескен халық сағаттап кезек күтетіндерін айтады. Халық саны жыл санап көбейіп келе жатқан шағынауданға аядай ғана емдеу нысаны аздық етіп отыр дейді жергілікті халық.
Дәліздің тарлығы соншалық қатарынан екі есік бірдей ашылмайды. Дәрігерге келген науқастар қуықтай кіреберісте сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Таңертең бұл жерде тіпті аяқ алып жүргісіз дейді науқастар. Бұл әсіресе енсіз дәлізде аяқ созып отыра алмай қиналатын қарияларға қиын соғуда.
Ғимарат сыйымдылығына қарай мұнда маман да тапшы. Науқастар тіпті күндікке кезек күтіп ақ халаттыларға кіре алмай кететіндерін айтады.
Жыл санап халық саны өсіп келе жатқан «Қайпас» шағынауданы тұрғындарының бұл жанайқайы жауаптыларға да жетіпті. Жуырда журналистерге арнап арнайы брифинг ұйымдастырған денсаулық сақтау саласы өкілдері бұл мәселені биыл шешеміз деп сендірді.
Ғалымжан Әбішев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының міндетін атқарушы: «Бұл мәселеден хабардармыз. №10 емхана күрделі нысандардың бірі. Жаңа нысанның құрылыс биыл бітеді».
Жаңа емхана салып береміз деп сендірген жауаптылар жыл аяғына дейін жоспардағы нысанды ел игілігіне тапсырмақ. Оған дейін науқастардың аядай ғана ғимаратты місе тұтудан басқа амалы жоқ.
Мақпал Рысбаева