Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментнің басшысы Нұралхан Көшеровтың төрағалық етуімен салық төлеушілер, Департаментің жауапты қызметкерлері және БАҚ өкілдерінің қатысуымен «қосылған құн салығын төлеушілермен ҚҚС бақылау шотын пайдаланған жағдайда ҚҚС қайтару ерекшеліктері, электронды шот-фактураларды және онлайн бақылау-касса машиналарын қолдану мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.
Басқосуды кіріспе сөзбен Департамент басшысы Н.Көшеров ашып, Қазақстан Республикасының алға қойған мақсаты — әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену екендігін және бұл мақсатқа жету жаңа инновациялық даму мен жеделдетілген технологиялық жаңғыруды талап ететіндігін атап өтті. Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Бұл бағдарламаның басты міндеті – жүйелі түрде экономиканы цифрлық дамыту.
Департамент басшысы елімізде бизнесті жүйелі енгізу, кәсіпкерлер саласының қызметіне жөнсіз килігуді болдырмау, сондай-ақ, салықтық есептілікті оңтайландыру және оңайлату үшін барлық жағдай жасалып жатқандығын атап өтті. Өз кезегінде, бизнес саласында көлеңкелі экономиканың үлесі төмендетіліп, нөлдік көрсеткішке жетуі қажет. Осы орайда, қолға алынып отырған іс-шараның бірі – барлық дамыған елдер үлгісінде онлайн бақылау-касса машиналарын қолдану және шот-фактураларды электронды нысанда жазып беру. Бұл әдістерді пайдалану мемлекеттік кірістер органдарына кәсіпкерлерді тексерулерге ұшыратпай, қашықтықтан кірістерін айқындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда, шаһарымызда онлайн бақылау-касса машинасын қолдануға 2454 салық төлеушілер өтті, ағымдағы жылы 633 қызмет түрі бойынша 7257 салық төлеушілер өткізілетін болады. Шымкент қаласында онлайн БКМ саудалаумен айналысатын 6 мекеме бар, онлайн бақылау-касса машинасының құны шамамен 70 мыңнан 150 мың теңге шамасында. Ал, қаржылай қиындықтар туындаған жағдайда, онлайн БКМ «Альфа-Банк» АҚ арқылы несиеге алуға болады.
Сонымен қатар, 4893 салық төлеушілерден ҚҚС ЭШФ ақпараттық жүйесін қолдануға 4613 немесе 94,3% салық төлеушілер өткен. Алдағы уақытта ҚҚС төлеушілер шот-фактураларды қағаз түрінде жазып берген жағдайларда салық төлеушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
ҚҚС төлеушілерге үшінші жаңалық – ҚҚС 15 күнде қайтаруға мүмкіндік беретін ҚҚС бақылау шотын ашу.
Бұл жаңашылдық бойынша пилоттық жоба Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Жамбыл облыстарында сәтті жүзеге асырылды. Департамент басшысы бүгінгі семинар-кеңеске ҚҚС бақылау шотын ашуға болатын 8 банктің өкілдері қатысып отырғандығын баяндады.
Әрі қарай, салық төлеушілермен алдын-ала келісілген семинар-кеңестің регламентіне сәйкес, «Қосылған құн салығын төлеушілермен ҚҚС бақылау шотын пайдаланған жағдайда ҚҚС қайтару ерекшеліктері, электронды шот-фактураларды қолдану» тақырыбында Департаменттің бас маманы А.Мырзабеков және «Онлайн бақылау-касса машиналарын қолдану» тақырыбында Департаменттің басқарма басшысы Р.Алеева баяндама жасады.
Жиын соңында салық төлеушілермен қойылған барлық сұрақтарға Департамент мамандары тұжырымды жауаптар берді.
Шымкент қаласы бойынша МКД