Қазақстанда оқушыларға дәрілік есірткі сатқан 101 дәріхана басшысы жауапқа тартылды

214
sputniknews.kz

Қазіргі таңда республикада есірткі қолданатын 128 жасөспірім тіркеуде тұр. Өткен жылы Қазақстанда жасөспірімдерге дәрілік есірткі заттарын сатқан 101 дәріхананың басшысы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының басшысы Берікхан Нұрғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда республика бойынша есірткі қолданатын 128 жасөспірім тіркеуде тұр. Олардың ең кішісі — 14 жаста. Есірткі қолданатын оқушылардың дені Астана, Алматы секілді ірі қалаларда тіркелген.
«Бұрындары героин, көкнәр секілді есірткі түрлері көп сатылған. Себебі шекара жабық, есірткі Түркия, Сирия, Ирак жақпен айналып кетіп жатыр. Бірақ бүгінде синтетикалық есірткі деген үлкен проблема бар. Оның пайда болғанына үш жылдай уақыт болды. Былтыр елімізде есірткіні жарнамалаған 4,5 мың сайт анықталып, жабылды», — деді Нұрғалиев Астанадағы мектепте синтетикалық есірткілер мен дәрілік есірткі заттарымен күрес жөнінде өткен шарада.

Оның айтуынша, әлемде бір минутта есірткі жарнамалап, тарататын 3 мың сайт пайда болады. Ал олардың артында кім тұрғанын анықтау өте қиын.

«Есірткі сататын интернет дүкендер бір ғана Қазақстанда құрылмайды. Бұл бүкіл әлемге ортақ проблема бүгінде. Сондықтан ішкі істер органдары есірткіге қарсы күресті әлемдік қауымдастықпен бірлесіп жүргізеді», — дейді басқарма басшысы.

Нұрғалиев қазіргі таңда кең тараған дәрілік есірткі заттарды сату мәселесіне тоқталды.

«Бүгінгі күні «трамадол нашақорлығы» деген өте өзекті мәселе бар. Сіздер білесіздер, трамадол дәріханаларда рецепт бойынша сатылады. Бірақ оны жасөспірімдер де алуы мүмкін. Сондықтан ішкі істер министрлігі трамадол сияқты дәрілік есірткі заттарын бақылауға алмақшы.

Айтуынша, былтыр Қазақстанда дәрілік есірткі заттарын жасөспірімдерге сатқан 101 дәріхана басшысы жауапқа тартылған.

«Мектепте есірткі сатып, ұсталған директорлар жоқ», — деді басқарма басшысы.
Нұрғалиев биылдан бастап есірткі туралы заң күшейтілгенін, тиісінше есірткі сататындардың жазасы қатаңдағанын атап өтті.

«Осы жылдан бастап синтетикалық есірткіні таратқандар қылмыстық жазаға тартылады. Тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы да мүмкін. Есірткіні қолданғандар үшін де әкімшілік және қылмыстық жаза қарастырылған», — деді ол.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда есірткі жарнамалайтын 845 сайт бар екені белгілі болды
Бұған қоса, ол есірткі сайттарының атауы көрсетілген графити жазбалар үшін 50 мың теңге айыппұл салынатынын айтты.