Бүгін белгілі болғанындай, Ақ назархан көшесінде 30 пәтерлі коммуналдық үйдің құрылысы басталды. Құны 243 млн. теңгеге бағаланған нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Салынып жатқан 5 қабатты үйде бір бөлмелі — 25, екі бөлмелі — 5 пәтер болады. Пәтерлер кезекте тұрғандарға жалға беріледі. Жыл соңына дейін құрылысы аяқталып, қоныстанушыларын көп күттірмейді. Құрылысшылар іргетасын нығыздап, қабырғасын қалап жатыр.
Ернар Сариев, мердігер компания өкілі: «Бұл жердегі өртенген ескі үйді бұзып тастадық және өткен жылдың желтоқсан айында құрылыс жұмыстарына кіріскен болатынбыз».
Естеріңізге сала кетейік, дәл осы құрылыс орнында көпқабатты үй болған. 2014 жылы 2 — желтоқсанда жарылыс болып, үй тұрғындары далада қалған болатын. Алдымен мектепке орналастырылған тұрғындар араға аз уақыт салып, баспаналы болған еді. Енді бұл үйдегі жаңа пәтерлер де баспанаға мұқтаждарды қуантпақ.
Ғалым Өтенбаев, Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Өткен жылы 68 үйдің құрылысы басталған. Соның 17 -сі пайдалануға берілді».
Биыл Шымкентте 51 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сала мамандарының айтуынша, соның жыл соңына дейін 35 пайдалануға беріледі.
Нұрлан Күдерұлы