Шымкент қалалық Полиция департаменті Абай аудандық полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімшесінің ұжымы «Құрсай» шағынауданындағы өрт оқиғасынан аман қалған отбасыға қайырымдылық жасады. ЮПБ кызметкерлері өртенген үйдің кәмелетке толмаған үш баласына көмек ретінде азық — түлік және көрпе жастық алып келіп тапсырды.
Еске сала кетсек, 16 –ақпанда «Құрсай» шағынауданында үй өртеніп, 13 жастағы жеткіншек түтінге тұншығып үйде қалып кеткен екі баланы құтқарып қалған болатын. Тілсіз жаудың қоршауында қалған қос балақайдың өмірін сақтап қалған Бақытжан Беркінбайды төтеншеліктер мақтап, марапаттаған-ды.
60 шаршы метрді алған тілсіз жаудың әлегімен төтетншеліктер 1 сағаттан астам уақыт күресіпті. Үйдің үлкені түтінді көріп, қорыққаннан көршілерден көмек сұраған. Қаршадай шарасыз қыздың халін көрген Бақытжан Беркінбай бір қолының жарақатталғанына қарамастан балалардың бірін көтеріп, бірін жетектеп сыртқа шығарған.
Балалардың ата-анасы жұмыста болып, балаларын қараусыз қалдырған. Үй ішіндегі дүние мүлкі түгелдей жанып кеткен отбасының мүшелеріне полицейлер дер кезінде көмек қолын созды. Қайырымды жандардың қайырлы ісіне отағасы алғысын жеткізді.