Мектептегі бейнебақылау камераларының көрсетер көмегі көп

1072

Ата-аналар мектепке кеткен баласын үйде отырып-ақ бақылай алады. Бұл білім беру ұйымдарына орнатылған бейнебақылау қондырғыларының арқасында мүмкін болып отыр.

Мектеп басшылары жаңа жүйе ата-аналар тарапынан түсетін арыз-шағымдардың азайып, тіпті кей заңсыздықтарды да алдын алып отыр дейді. Заманауи желінің өзге де қырлары да, пайдасы да көп.

Бейнебақылау қондырғылары ата-аналар ұсынысымен алғаш болып №90 мектепте орнатылыпты. Бұл желі сынып бөлмелерінен бастап спорт залы мен кітапхана тіпті дәліздерге дейін қамтиды. Директор іс сапарларда жүріп-ақ мектептегі жағдайды алақандағыдай көріп отырады екен.

Арман Орынбеков, №90 жалпы орта мектептің директоры: «Ата-аналар мұғалімдердің сабақ беру үрдісін, баланың сабаққа қатысуын бәрін де осы камерадан көруіне болады. Бұл жүйе қамқоршылық кеңестің қолға алуымен орнатылды. Көп пайдасын көріп жатырмыз. Ата-аналар тарапынан түсетін түрлі арыздар да азайған».

Гүлзат Қорғанбекованың 4 баласы да мектеп оқушысы. Ол қазір спорттық жарысқа қатысып жатқан бастауыш сыныпта оқитын ұлын онлайн режимде бақылап отыр. Кейіпкеріміз мектепке бұл қондырғы орнатылғалы алаңсызбыз дейді.

Гүлзат Қорғанбекова, ата-ана: «Баланың сабаққа қатысуын, асханаға баруын, мәдение шараларға қатысып жатқанын барлығын да онлайн түрде көріп отыруға болады. Қазір уайымсыз отырамыз».

Сынып бөлмелеріне орнатылған камералардан мұғалімдердің сабақ беру үрдісін, әрбір оқушының сабаққа қатынасуын, тіпті дәріс кезінде өзін-өзін ұстауына дейін ап-айқын көрініп тұрады. Бұл өз кезегінде ұстаздардың жұмысына деген жауапкершілігін арттырды дейді мектеп қызметкерлері.

Күлімкөз Есенбекова, мұғалім: «Өзіңіз қараңыз, басшылар мұғалімнің сабағын камера арқылы көріп отырады. Сондықтан да ол маман сабаққа дайындықсыз келе алмайды. Бүкіл көрнекіліктерін дайындайды. Сабақты сапалы етіп өткізуге барын салады».

Тәрбиелік іс шаралар кезінде ата-аналар бейнеқондырғы жүйесіне тікелей қосылады. Бұрыңғыдай арнайы уақыт бөліп мектепке келудің қажеті жоқ. Салаға жауаптылар камералардың мектептегі ұрлық, ұсақ бұзақылық сияқты келеңсіз жәйттерді дер кезінде анықтауға да көмегі көп дейді.

Мақпал Рысбаева