Ағаш базары өзге аумаққа көшірілуі мүмкін

95

Сарыағаш ауданына қарасты Құркелес ауылдық округі, Құркелес елді мекені М.Өзтүрік көшесінің бойындағы ағаш базары осыдан 15 жыл бұрын шамасында ашылып, осы күнге дейін жұмыс істеп келеді.

Алайда ол аумақтағы жерлер ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер болып табылатындықтан ҚР заңнамаларының орындалуын бақылайтын құзырлы органдар тарапынан берілген ұсынысқа сәйкес, жер учаскесін мақсатына сай емес, яғни заңсыз пайдаланып отырған тұлғаларға шара көру ұсынылған.

Ұсыныста көрсетілген Құркелес ауылдық округі аумағындағы шаруа қожалығын жүргізу үшін берілген жер учаскелерін ағаш сату алаңы ретінде пайдаланып отырған 15 тұлғаның 7,635 га жері анықталған.

Осыған орай, ағаш сатумен айналысатын бір топ азаматтар аудан әкімдігіне келіп, аудан әкімімен жолыққан болатын. Сол кездесуде берген уәдесі негізінде аудан әкімі Қ.Абдуалиев Құркелес ауылдық округі, Құркелес елді мекені, М.Өзтүрік көшесі бойында орналасқан ағаш базары аумағына барып, ағаш саудасымен айналысатын азаматтармен жолықты.

Кездесу барысында аудан басшысы Қ.Абдуалиев аудан әкімдігінен құзырлы органдар заңдылық талап етіп отырғанын, барлығын ақылдаса отырып, заң аясында дұрыс шешім қабылдау бағытында жұмыс жүргізіліп жатқандығын айтып түсіндірді. Сондай-ақ, аудандық жер қатынастары бөліміне заң аясында қарап, мүмкіндігінше ешкім зардап шекпейтіндей ұсыныс беруді тапсырды.

Алдағы уақытта ағаш базары мәселесін құқық қорғау органдар, тиісті мекеме басшыларымен бірлесе отырып зерттеп, аталған мәселені оңтайлы шешу бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі