Ақысыз қызметке төлеме! Осындай атаумен Шымкенттегі мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында рейд өтті.

Мемлекеттік корпарация басшылығы прокуратура, «Нұр Отан» партиясы, ішкі істер саласының қызметкерлерімен бірлесіп, азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл шараның мақсаты азаматтарға құжаттарды делдалдардың көмегінсіз рәсімдеуге шақыру дейді ұйымдастырушылар.

Жасотандықтар азаматтарға онлайн қызметтер туралы үнпарақтар таратып шықты. Делдалдық қызметке тоқтау салуды көздеген мамандар келушілерге ауызша кеңестер де берді. Тегін қызметті өз тәртібімен алуға келгендердің бірі — Зафар Мирзаев. Жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен ол шаруасын бас-аяғы жарты сағат ішінде тындырғанын айтады. 25 жылдан бері көлік жүргізетін жүргізуші осыған дейін ешбір жәрдемшіге жүгінбедім дейді.

Зафар Мирзаев, көлік жүргізушісі: «Талон аласыз да тиісті төлемін төлеп, қызметтерді еш кедергісіз аласыз. Бәрі өз уақыт сәтімен орындалады. Әр адамның өзіне байланысты».

Айта кетейік, орталық күн сайын 1,5 мың азаматқа қызмет көрсетеді. Мұнда 200- ге жуық жүргізуші куәлігі беріліп, мыңнан аса көлік құралы тіркеледі екен. Былтырдан бері тұрғындар онлайн түрде жүргізуші куәлігін ауыстырып, электронды үкімет порталы арқылы автокөлікті қайта тіркеу мүмкіндігіне қол жеткізген. Бұл сыбайлас жемқорлықты алдын алып қана қоймай, тұрғындардың уақытын да үнемдейді дейді орталық басшылары.
Жомарт Үмбәтәлиев, «Халыққа қызмет көрсету орталығы стандарт бойынша қызмет көрсетіп отыр. Бүгін «Тегін қызметке ақы төлеме» атты ация ұйымдастырып жатырмыз. Оған «Нұр отан» партиясы мен прокуратрура, ішкі істер саласының қызметкерлері атсалысып отыр».

Орталық қызметкерлері мен тәртіп сақшылары қазір азаматтардың сеніміне кіріп алаяқтыққа барған пысықайлармен күрес шараларын күшейтіп отырмыз дейді. Жыл басынан бері жауаптылар тегін берілетіін қызметті бұлдайтындарға қатысты екі деректі тіркепті.
Ұлан Сарқұлов, тіркеу-емтихан бөлімінің бастығы: «Делдалдармен күрес біздің де назарда. Біз өзіндік қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп алаяқтарға қарсы жұмыстар жүргізіп жатырмыз».

Айта кетейік жыл басынан Шымкент қаласы бойынша 80-нен астам автокөлік онлайн тәсілмен тіркелген. Заманауи тәсілмен 20 — ға жуық жүргізуші куәлігі беріліпті. Жауаптылар жыл сайын алтын уақытын сарп етпей, қызметтерді онлайн жүйеде алатындар қатары көбейгенін айтады. Заңсыз делдалдық қызметпен күресуге белсене кіріскен мамандар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы алаяқтарды түбегейлі жоямыз деп уәде етті.

Мақпал Рысбаева