А. Байтұрсынов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары басталғалы жаяу жүргіншілер мен көлік иелерінің қозғалысы қиындады. Ұзындығы 3 шақырым 300 метр жолдың құрылысы биылғы жылдың соңына дейін созылады. Осыны ескерген жауаптылар көшедегі жол қозғалысын біржақтама етуге уәде етті.

А. Байтұрсынов көшесіндегі жол құрылысы күн жылынғанда қарқын алады. Қазір көшенің басы яғни, Түркістан көшесімен қиылысқан тұсында жұмыстар жүріп жатыр. Мердігерлер жаяу жүргінші жолдарын қопарып, жол жиегіндегі ирригациялық жүйелерді алмастыруда. Салдарынан жаяу жүргіншілерге ыңғайсыздық туындаған.

Қала тұрғындары «құрылыс басталғанда жолды жабу керек. Жол белгілері қойылуы керек емес пе?» деп өз наразылықтарын білдіруде.

Құны 1 млрд. 293 млн. теңгеге бағаланған құрылыс барысында жаяу жүргінші жолы жасалып, көшеге толық асфальт төселеді. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сай веложолдар да қарастырылады. Осындай келеңсіздіктер орын алатынын алдын ала ескерген қала басшысы қалалықтардан кешірім сұраған болатын. Ал мердігерлерге барынша қауіпсіздік шарасын қарастыруға тапсырма берілген.

Асхат Сариев, мердігер мекеменің өкілі: “Көпшіліктің айтқан уәжімен келісеміз. Бірақ бізді де түсіну керек. Көшені жауып тастай алмағандықтан бірнеше бөліке бөліп жұмыс жасап жатырмыз. Қауіпті деген аумақтарды қоршайтын боламыз”.

А. Байтұрсынов көшесі қаланың қоғамдық көлік пен жаяу жүргіншілердің көп жүретін бөлігі. Сол себепті де көркі атына сай болуы керек. Ал ол қиындықсыз болмайды дейді шенеуніктер. Көпшіліктің өтінішін орындау үшін А. Байтұрсынов көшесіндегі көлік қозғалысын біржақтама ету мәселесін қарауға уәделерін берді.

Абай Тұрханов: “Әрине, біз түсінеміз көшеде қозғалыс өте көп. Сол себепті біз барынша кедергі келтірмейтін мәселені қарастырамыз. Мүмкін Жол-патрульдік полиция қызыметкерлеріне ұсыныс жасап жолдың бір бөлігін жабармыз”.

Қалай болғанда да, құрылыс басталып кетті. Күн жылына қарқындай түседі. Шаһар басшылары бірінші кезекте жолды тақтайдай тегістеп кейін автотұрақ мәселелерін де қарастырмақ. Ал әзіргі қалалықтар түсіністікпен қараса дейді.

Нұрлан Күдерұлы