Түркістан облысында Салбурын мерекесіне қан жүгірді. Талайдан бері ұмыт қалған төл дәстүр Жабағылы баурайында тойланды. Онда еліміздің ең үздік саятшылары мен аңшылары бас қосқан. Бұған дейін болмаған бастама қазақы рухты бір серпілткендей. Тау бөктері мен дархан далада өткен саятшылық жарысы алдағы бейнематериалда.
Дархан даланың әдемі көрінісін паш еткен бұл аймақ Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсы. Жабағылы баурайында қазақы иісті аңсаған жұртшылық жиналған. Олар ас ауқаттың әдемі дәмі үшін емес, бүркітшінің аңға шыққанын тамашалау үшін бас қосып отыр. Тәуелсіз елде сирек тойланатын бұл мейрам «Салбурын-мереке ғой саятшыға» деп аталады.
Қазақы ауылдың көрінісін берген Алатау бөктеріне ене бергенде көзіңіз тарихи көрмеге түседі. Онда саятшылардың киген киімдері мен тұтынған заттары қойылған. Назарға ұсынылған бұйымдардың барлығы да өзіндік ерекшелігімен есте қалады. Мәселен бабаларымыз шаңғыны сонау заманда-ақ ойлап тапқан екен. Оның бірден бір дәлеле оң солы жоқ қонышты етік.
Бұл саптама етік деп аталады. Ол кездегі ер адамдар үлкен болған. Сондай-ақ, аяқтарына шұлық орап киген. Қасындағысы семсертон. Қозының қырқылмаған жүнінен жасалған.
Қазіргі ұрпаққа бейтаныс бұйымдардан бөлек мұнда бүгінгі күннің саятшылары салтанат құрып тұр. Олар жаңа дәуірдегі аңшылардың көрінісін паш етуде. Солардың бірі Шернияз Бауыржан. Қыран мен қаршығаны бала күнінен баптан жүрген бозбала бұл кәсіпті әкесінен көрген екен. Сөзінше құсшы болу үлкен бақ. Себебі қазаққа ғана тән дәстүр атадан балаға мирас болып қалмақ. Және кәсіпті нәсіп еткен әр әулиеттің өз құпиясы болады.
Шернияз Бауыржан: «Біздің ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Үйде атам айналысқан. Ағамыз барлығымыз айналысамыз. Аңға саламыз. Бүркіт баптау оңай емес. Күн сайын ет беріп, ұшырып тұрмасаң, құса болып қалады. Күн сайын жаттығу жасатып тұру керек. Егер біраз уақыт бір орында қалса, ұша алмай қалады».
Бұл көріністі тамашалаған әр жан Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» шумақтарын еске алады. Себебі ылдидан жемтігін көздеген қырандар қоян мен түлкіні қылғытып жатты. Жеті қазынаның біріне баланатын тазылар да олжаласыз қалмады.
Өзі баптаған түз тағысына риза болғандардың бірі Сәрсенбек Әбуов. Ұшар атты тазының иесі сүйікті ісін жақында ғана бастаған. Төрт аяқты досына өмірінде орын алған ауыр жағдайдан соң кезіккен екен.
Сәрсенбек Әбуов, тазы иесі: «Мен өзім 40 жастамын. Бұл тазымен айналысып жатқаныма 3 жыл болды. Тараздағы аренада 2 орын алған. Қазір бұл жерге Ордабасы ауданының атынан келіп отырмыз. Мұндағы бәсекеде 2 орын алып отыр. Үйдегі балаларымның бірі десем болады. Үйде тұрады. Арнайы ет қосып, тамақ дайындаймыз. Тамақтың түр-түрін дайындаймыз».
Дархан далада кешегінің көрінісін паш еткендер соңында марапатталды. Айта кетсек, бүркітшілер 250 мың теңгеге дейін еншілесе, тазы иелері 150 мың теңгеге дейін қанжығалады.
Еске сала кетейік, өткен жылы Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялаған еді. Онда төл тарихты бір жүйеге келтіруге үндеген болатын. Ендеше Президент бастамасынан Түркістан облысы қалыс қалып жатқан жоқ. Оның бірден бір дәлелі Түлкібас төрінде өткен Салбурын тойы.
Назерке Үкібасова