Бәйдібекте жылына 70 млн. кірпіш өндіретін зауыт салынады

359

Түркістан облысы Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танагөзов Ирандық «Farаdid Meehan» компаниясының халықаралық байланыс жөніндегі директоры Абдолреза Шохуд Талабпен кездесті. Сондай-ақ, кездесуге «Source Invest Company» ЖШС-ң бақылаушылар кеңесінің төрағасы Оралбек Ботбай қатысты.

Ирандық инвестормен кездесуде аудан басшысы алдағы уақытта ынтымақтастық аясында тығыз жұмыс жасайтынын жеткізді. Өз кезегінде Ирандық Абдолреза Шохуд бастапқыда ауданға 10 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, кірпіш зауытын ашып, ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты. Екі жақты кездесу нәтижесінде, Бәйдібек ауданының әкімдігі мен Ирандық «Farаdid Meehan» компаниясы және “СПК “ Түркістан АҚ филиалы арасындағы меморандум түзілді.

Аталған құжат аясында Бәйдібек ауданы Боралдай ауылдық округіндегі индустриалды аймақтан 5 га жер бөлініп, кірпіш зауытының құрылысы жүретін болады.

Айта кетерлігі, ирандық инвестор ауданнан соғылатын зауытта кірпіштің 7 түрін шығармақ. Онда 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылып, зауыттан 1 айда 4-5 млн. дана, жылына 60-70 млн. дана кірпіш өндірілетін болады. Ирандық инвестор алдағы жылы қосымша 10 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйып, 200 коттедждік жаңа қалашық салмақ.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі