Шымкенттегі балабақшалардың алды кіреберіске саусақ ізімен жұмыс істейтін құрылғы орнатылып жатыр. Ол қондырғы бүлдіршіннің бөбекжайға келген-келмегенін, уақытын түгелдей көрсетіп тұрады. Алайда, балабақша басшылары мен кей ата-аналар биометриялық кесте жүйесін қолдамай отыр.
Балалар таңертеңнен саусақ ізімен жұмыс істейтін жүйеге белгіленіп өтеді. Мұнда әрбір балаға бірегей цифрлық код беріледі. Биометриялық кесте жүйесі әзірге шаһардағы үш балабақшаға қойылған. Жыл соңына дейін барлық мекемелер осы цифрлық жүйеге өтеді деген жоспар бар. Дегенмен, қазірдің өзінде тың дүниеге тосырқай қарайтындар табылып жатыр.
Дина Мықыбаева, тұрғын: «Мен бұған қарсымын. Өйткені бұл балаларға өте зиянды. Микротолқынды пештің өзі зиян балаларға. Күнделікті менің бір жарым жасар немерем саусағын құрылғыға қоюып кіруі керек пе?».
Ата-аналар ғана емес жеке балабақша басшылары да мұндай құрылғы қоюға ешқандай қажеттілік жоқ дейді. Оның үстіне жаңа тетікті орнату үшін қажет 170 мың теңге құрылтайшылар мойнында. Ал жүйенің қызметіне ай сайын 15 мың теңге жұмсалады екен.
Диана Қараманова, мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығы Шымкент филиалының төрайымы: «Біз үшін балалардың қауіпсіздігі бірінші орында. Мен де анамын. Сондықтан ата-аналарды жақсы түсініп отырмыз».
Білім саласы басшылары пилоттық бағдарлама балабақшалардағы бала санын анықтауға сеп болады дейді. Мәселен, осыған дейін жергілікті балабақшаларға тіркелген бүлдіршіндердің еліміздің өзге аймақтарында тұратын жағдайлары тіркелген. Осы секілді 25 дерек тіркелген. Қадағалаушы орган өкілдері нәтижесінде қазынадан 4,5 млн. теңгенің орнын сипап қалған.
Ақерке Абылайхан, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Біз бұл жүйенің тиімділігіне көз жеткізгенде қаражат қарастыратын боламыз. Ал қауіпсіздігі туралы мамандардың қорытындысы бар».
Сандық жүйе әуелі мемлекеттік тапсырысты орындайтын балабақшаларға қойылады. Қазір биометриялық кесте пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Егер де нәтижесі оң болса, барлық балабақшалар осы құрылғыны сатып алып орнататын болады.
Мақпал Рысбаева