Бір айдың ішінде 22 адам жол көлік оқиғасынан көз жұмды. Тағы 19-ы түрлі жарақаттан зардап шекті. Бұл жыл басталғалы Түркістан облысы мен Шымкент қаласында орын алған жол-көлік оқиғасының салдары.
Бұл мәлімет ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және ақпарат орталығының ақпараттар картасынан алынды. 2019 жылдың қаңтар айында 21 жол көлік оқиғасы орын алған. Оның 7-еуі Шымкентте.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, бір ғана Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылында көлік жүргізушісі мас күйінде жаяу жүргіншіні қағып өлтірген. Басқа жол көлік оқиғаларына себепкер көлік жүргізушілер темір тұлпарды сап сау күйінде тізгіндеп апатқа жол берген.
Ал қоғамдық көліктің жаяу жүргіншіні қағып кетуіне байланысты 2 факті тіркелген. Бірінде шымкенттік көше сыпырушы мерт болса, ұқсас жағдай Сарыағаш ауданы, Бесікбөр ауылында орын алған. Адам өлімімен аяқталған барлық апат жылдамдықты арттыру, жол ережелерін сақтамау салдарынан деп жазылған.
Жанар Есенбекова