Түркістан қаласының 2018 жылғы қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қала әкімі Әліпбек Өсербаевтың атқарған жұмыстарының халық алдындағы есепті кездесуі өтті. Жиынға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов арнайы қатысты.
Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, дербес бөлімдер мен құқық қорғау органдарының басшылары, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен ақпарат құралдарының өкілдері және қала тұрғындарының қатысуымен өткен кездесуде қала басшысы облыс орталығының ішкі жалпы өнім көрсеткішіне тоқталып өтті.
«Түркістанның 2018 жылғы жалпы өңiрлiк өнiмi 74 млрд 803 млн теңгенi құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артты. Өнеркәсіп саласы 16,7 пайыз, ауылшаруашылық саласы 8,0 пайыз, орындалған құрылыс жұмыстары 16,8 пайыз, ал сауда-саттық саласы мен шағын бизнесі дамыған Түркістандағы тауар айналымы мен қызметтерді өткізу көлемінің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 58,5 пайыз болып отыр. Үстіміздегі жылы құрылыс индустриясының өнімдерін өндіретін 4 жоба және постерминал өндіретін 1 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Қосымша 295 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Айта кетерлігі, ағымдағы жылы денсаулық сақтау кешенінің құрылысы басталады. Атап айтсақ, перинаталды орталық, 1200 орынды көпсалалы аурухана, тәулігіне 500 адам қабылдайтын 3 емхана, облыстық балалар ауруханасы, жедел жәрдем бекеті, онкология, қан, кардио , симуляция, 20 орындық уақытша бейімдеу орталықтары, нарко диспансер, облыстық тіс емханасы. Медициналық кешендерге жалпы 38 га жер бөлініп, жобалау сметалық құжаттары әзірленуде» деді Әліпбек Шәріпбекұлы.
«Түркістан қаласының — облыс орталығы болуына байланысты Елбасының тапсырмалары аясында қаланың перспективалы дамуының негізгі бағыттары айқындалды» деген қала әкімі ел игілігі жолында атқарылар жұмыстардың өз деңгейінде жүзеге асырылатындығын назардан тыс қалдырмады. Бұл бағытта жиынға қатысушыларды бірлесіп атсалысуға шақырды.
Жиын соңында қала тұрғындары Б.Баймендиев, Д.Батырова, Г.Жүніс, П.Сәруаровтардың тарапынан қойылған сұрақтарға шаһар басшысы тұщымды жауап айтты. Жылдық есеп қорытындысында атқарылған жұмыстарға қанағаттандырарлық деген баға берілді.
Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.