Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы әлеуметтік кеңестің бірлескен отырысы өтіп, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының тұжырымдамалық негіздері талқыланды. Бұл туралы ҚазАқпарат Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесуге Мәжіліс депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, оқытушылар, салалық кәсіподақтардың мүшелері, ата-аналар комитеттері мен білім беру саласының сарапшылары қатысты. Қоғамда бірнеше ай бойы талқыланған заң жобасының тұжырымдамасы мен негізгі нормаларын Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева таныстырып, қаралып отырған жоба соңғы нұсқа емес екенін айтты.
«Белес» талдау және стратегия орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Серік Ирсалиев жастарды педагог мамандығын таңдауға ынталандыратын факторлар туралы зерттеудің нәтижелерін, сондай-ақ мұғалімнің мәртебесін көтеру жөніндегі ұсыныстар енгізді. Мәжіліс депутаттары, бірінші кезекте, мұғалімдерді әлеуметтік қолдау, олардың кәсіби қызметінде құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.
Атап айтқанда, Парламент Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғанов Мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі өкілеттілікті енгізу жөнінде ұсыныс жасап, оларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің нақты тетіктерін қарастырды. Бұдан басқа, олар тәрбие жұмысын жүргізуге мұғалімдерге қосымша ақы төлеу туралы, сондай-ақ мұғалімнің кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмысқа орналасу үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу туралы баяндады.
Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева мұғалімнің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғайтын және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды енгізудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Талқылау барысында ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеудегі жауапкершілігін күшейту мәселелері де қаралды. Отырысқа қатысушылардың пікірінше, бұл тиісті заңнамалық актілермен бекітілуі тиіс. Бұл, ең алдымен, балалардың денсаулығы мен мектептен тыс өмірінде ата-аналарының жіті назарында болуы.
Талқылауды Мәжілістің вице-спикері, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева қорытындылап, жастар арасында педагогикалық мамандыққа деген сұраныстың төмендігіне тоқталды. Сонымен қатар Г.Исимбаева мұғалімдерге еңбекақы төлеу жүйесін қайта қарау жөнінде шаралар қабылдап, мұғалімдердің әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер ететін заң жобасының нормаларын қаржылық негіздеу бойынша кешенді жұмысты жүзеге асыруды ұсынды.