Ә.Молдағұлова атындағы №29 жалпы орта мектебінде Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Н.Бұхарбаев пен Г.Құрманбекова сайлаушылармен кездесті. Кездесу барысында халық қалаулылары бірден сұрақ-жауапқа көшіп, округ тұрғындарынан бiрталай мәселенiң анық-қанығын білді. Жалпы сұрақтардың басым бөлігі коммуналдық шаруашылық пен абаттандыру саласына қатысты болды.

Мәселен Ю.Гагарин көшесі №42 үйдің ауласын абаттандыру қажет етеді. №29 мектептің жанындағы «Жаңалық» дүкені құймалы спирт сатады. Тұрғындар қанша рет шағымданса да сатуын тоқтатпаған. Ш.Қалдаяқов көшесі №9 үйдің ауласы абаттандырылмаған. Оның жанындағы №7 үйдің ауласы абаттандырылып, барлық жағдай жасалған. Тұрғындардың айтуынша ол үйде Айтаханов деген азаматтың келіні тұрады екен.

Шаһардағы №118 және №40 маршруттағы автобустар 19.30-дан кейін жүрмейді. Исмаилов және Павлов көшесінде аялдама жоқ. Тек аялдаманың арнайы белгісі ғана бар. Тұрғындар аялдама салып беруді сұрайды.

“Сәуле” ықшам ауданынан келген бір топ көп балалы аналар пәтер мәселесін көтерді. Депутаттар бұл мәселеге байланысты әкімдік арнайы комиссия құрғанын және наурыз айында бір жауап болатынын жеткізді.

«Көмеш бұлақ» базарының маңында тоқтауға болмайды деген арнайы белгіге қарамастан таксистер автокөліктер қойып кетеді. Сондай-ақ сол жердегі үйлердің аулаларына автокөліктерін қойып, автотұраққа айналдырып жіберген. Аталған аумаққа жауапты учаскелік полицей Сардар деген азамат тұрғындардың айтуынша жұмысына жауапсыз қарайды. Тұрғындар Сардарға талай рет арыз жазса да, ол оған мән бермейтін көрінеді. Олар сол жерге учаскелік полицейі болуға Серғазы Сералиев деген полиция майорын сұрауда.

Базар айналасы толған қаңғыбас иттер. Жауапты мекеме жұмыс істемейді дейді. Үнемі айқай-шу, мәскүнемдер ұйқыларын бұзады екен.

Кездесу соңында халық қалаулылары барлық мәселе бойынша жауапты мекемелерге депутаттық сауал жолданып, оң шешілуіне ықпал жасайтынын жеткізді. Тұрғындар өздері сайлаған депутаттарға алғысын білдірді.

Аталған жиын туралы Дастан Асқарұлының facebook парақшасынан алынды