Созақтықтар улану оқиғасының алдын алуға кірісіп кетті. Ауылдағы қалталылар дабылды қондырғы орнатып, өзгелерге үлгі көрсетуде. Көмірмен күнелтетін теріскейліктер мұндай тетікті өз қаржыларына сатып алып, төтеншеліктердің көмегімен орнатып жатыр. Осылайша, қауіпті сейілтудің жолын меңгеруде.

Мұндай дабыл құрылғылары «Қазтрансойл» компаниясы жұмысшыларының әрқайсысының үйіне қондырылуда. Мамандар құралдарды өз қаржыларына иеленуде. Құны 8 мың теңгені құрайтын тетік мұнайшылар үшін қымбат емес екен.

Рамазан Қырықбай, «Қазтрансойл» компаниясының Шымкенттегі мұнай құбыры бөлімінің басшысы: «2 өрт сөндіру датчиктерін қойып жатырмыз. Тұншықтыратын газға қарсы, түтінге қарсы датчиктер орнатылып жатыр. Және әр адам қызығушылықпен көріп, тек өз үйлеріне емес туысқандарына алып ортанып жатқандарын көріп отырмыз. Басты мақсатымыз жақсы жұмысты, бастаманы насихаттау».

Қондырғыларды тұрғындар өз бетінше орната алмайды. Міндетті түрде төтеншеліктер бақылауымен орнатылуы қажет. Жалпы мұндай шараға төтенше жағдай қызметкерлерінің де қызығушылығы ерекше. Себебі олар үшін газдан улану оқиғаларын азайту бүгінде басты міндетке айналып отыр.

Индира Өмірқұлова, ТЖД басқарма маманы: «16 және 17 ақпан күндері республика бойынша өрттің және газдан уланудың алдын алу күні болып жарияланды. Осы мақсатта біздің 955 қызметкеріміз үгіт насихат жұмыстарын жасады. Осы екі күннің ішінде 2400 үйді аралап шықтық».

Төтенше жағдай қызметкерлері алда өңірдің өзге де аудандарын араламақ. Осылайша облыстың барлық аумағында газдан улану оқиғасын азайту көзделіп отыр. Ал, әзірге дабыл қондырғылары «Қазтрансойл» қызметкерлерінің үйлеріне қондырылуда.

Назерке Үкібасова