Аудан әкімі Бақыт Асановтың 2018 жылы атқарған жұмыстары бойынша тұрғындарға берген қорытынды есебіне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкенов өңірдегі бірқатар кәсіпкерлік нысандармен танысты.
Ең алдымен Қайрат Теміршотұлы аудан орталығында орналасқан «Мырзакент» мақта зауытына барды. Зауыттың жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. 120 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Өндіріс ошағында жоғары технологиялық құрал-жабдықтар АҚШ-тың «Люмус Корпорайшн» компаниясынан сатып алынып, монтаждалған.
Өндірістік құаттылығы 60 мың тоннаны құрайды. Қолданыстағы мақта зауыттарымен салыстырғанда бұл өндірістің еңбек өнімділігі 30 пайызға жоғары. Атап айтқанда, талшықтың шығуы 30 пайызға артық әрі сапасы жоғары, электр қуатының шығыны 25-30 пайызға үнемделеді және мақтаны өңдеу мерзімі 30 пайызға қысқарған. Жобада пайдаланылған инновациялық технологиялар ТМД елдерінде «теңдесі жоқ» өндіріс болып табылады.
Мұнан соң Қ.Нүкенов Атакент кентінде орналасқан Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми зертету институтына аялдады. Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту арқылы отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, мақта өндірудің тиімділігін, инновациялық технологияларды өндіріске ендірумен Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары айналысып, бірқатар жетістіктерге жеткен. Мақтаның 12 орта талшықты, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі 5-6 ц/га жоғары сорттары шығарылды. Олардың 7-еуі (ПА-3044, Мақтаарал-4005, ПА-3031, Береке-07, Мақтаарал-4007, Мақтаарал-4011, Мырзашөл-80) аудандастырылды. Өндіріске отандық 5 мақта сорты енгізілді.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары «Хамро ата» жеке шаруа қожалығында болып, ондағы заманауи үлгідегі жылыжай мен ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысты. Іріленген шаруа қожалықтың жұмысын жандандыруда жергілікті тұрғындар тәп-тәуір тәжірибе жинап, білікті мамандарға айналған.
«Хамро ата» шаруа қожалығы шағын 18 қожалықты біріктіріп, кооперация құрған. Осының негізінде еңбек өнімділігін арттырып, мол табыс табуды көздеп отырған шаруалар мемлекеттен бөлінетін әртүрлі жеңілдіктер мен субсидияға және лизинг арқылы жаңа техникаға қол жеткізіп отырғандарын айтады. Кооперативтің жалпы жер көлемі 339,4 гектар болса, оның 6 гектары жылыжай болып табылады. Былтыр қожалық 274,4 гектар жерге мақта, 15 гектарға қауын, 20 гектарға жоңышқа, 10 гектар жерге жүгері, 8 гектарға жеміс-жидек, 1 гектарға анар, 20 гектарға жүзім еккен. Бұдан бөлек, «Хамро ата» фермерлік қожалығында мал бордақылау алаңы да бар. Ондағы 220 бас ірі қара малдың жартысы бордақылануда.
Қайрат Теміршотұлының соңғы танысқан нысаны – Мақтаарал ауданының логистикалық орталығы. Аграрлы ауданда шаруалардың өнімін сақтап, әрі қарай сату үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданның кіреберісіндегі Азаттық ауылынан замануй үлгідегі сауда логистикалық орталығының құрылысына 9 гектар жер учаскесі резервке алынған. Орталықта заманауи үлгідегі жеміс-жидек сақтау қоймалары, уақытша сұрыптау қоймалары, мұздатқыш камералары, жүк көліктеріне арналған тұрақжай мен техникалық қызмет көрсету стансасын салуға жалпы құны 600 миллион теңгеден аса инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Соның бірі — Нұрсұлтан Сақтағанов бастаған «Мегагорстрой» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы. Құны 352,8 миллион теңгені құрайтын қойма 1000 тонна өнімді сыйдыра алады. Сондай-ақ, жоба іске асқанда 28 адам жұмыс орнымен қамтылмақ.
Сауда-логистикалық орталықта аудан аумағында өндірілген қауын-қарбыз, алма, жүзім өнімдерін қайта сақтаудан бөлек, оны өңдеу арқылы шырын, тосап т.б. дайын өнімдер жасайтын цехтарды іске қосу жоспарлануда. Ол үшін өткен жылдың тамыз айында «Қауын фест» облыстық фестивалі өткізіліп, шетелден инвесторлар шақырылған. Сондай-ақ, аудандық кәсіпкерлер де қауын-қарбызды өңдейтін шағын цех ашуға қызығушылық білдіріп отыр.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі