Күнгейліктер ажырасудан да алда…

447

Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты АХАТ бөліміндегілердің мәліметіне қарағанда, 2017 жылы 6641 неке тіркелген болса, оның 2410 жұбы заңды түрде ажырасып тынған.

Қоғам дертіне айналған айырылысу дертіне сот өкілдері де бей-жай қарай алмайды. Құзырлылар соңғы кездері некені бұзуға қатысты істер кезінде жұптарды айырылыстыруға емес, табыстыруға күш салынып жатқанын айтады.

Заң негізінде қос тарапқа да ойлануға уақыттың бұрыңғыдан көп берілетіні және сот отырыстарына арнайы психологтар мен медиаторлардың тартылуы осының айғағы дейді соттағылар. Өкінішке орай, бұл қадамдар көп жағдайда ерлі-зайыптылардың райдан қайтуына себеп бола алмай отыр.

Қазақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. АХАТ саласының мамандары жыл сайынғы статистиканы қорыта келе осындай түйін жасады. Отбасы құндылығын қадірлеуге келгенде қаймағы бұзылмаған оңтүстік жұрты да елге үлгі бола алмай отыр.

Былтыр Шымкентте 6700 неке тіркелген болса, араға бірер ай салып 2561 жұп айырылысуға арызданған. Айрылысуға асыққандар қатарының саны жыл санап емес, күн санап күрт өсіп келеді дейді салаға жауаптылар.

Мақпал Рысбаева