Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ұлттық идеясы туралы айтып берді

357
inform.kz

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев гүлденген әрі қуатты Қазақстанды қалыптастыруға үлес қосуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол үшін заманауи әлемнің негізгі трендтерін ескеріп, ұлттық идеяны басшылыққа алу керек.

«Жаңа заман жаңа сын-тегеуріндерімен келеді. Бізді қоршаған әлем тоқтаусыз турбулентті аймаққа еніп келеді. Бірақ бұл қорқу керек деген сөз емес. Кез келген қиындық жаңа өзгерістермен келіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ең бастысы, дамудың дұрыс бағытын таңдап, қоғамды алға қойған мақсаттарға жұмылдыру керек. Заманауи әлемнің негізгі трендтерін ескеру қажет. Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсеке жекелеген адамдардың бәсекесіне пара-пар. Кез келген экономикалық жетістіктер мен геосаяси жеңістер әрбір адамның әл-ауқатын жақсартуға ықпал етпесе, еш маңызы болмайды. Мұнда ХХІ ғасырдағы мемлекеттердің тұрақты дамуының сыры жатыр», — деді Президент.

Ол «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты бағдарламасының өз тапсырмасымен әзірленгенін атап өтті.

«Бүгінгі съезд Қазақстан дамуындағы жаңа кезеңді бастайды. Алдағы 10 жыл — алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің 30-дығына енудегі шешуші кезең. Осыған байланысты партия нақты мақсаттар қоюы тиіс. Мұның барлығы бағдарламада көрсетілген. Әрқайсысымыздың гүлденген әрі қуатты Қазақстанды қалыптастыруға үлес қосатынымызға сенімдімін», — деді Елбасы.

Сонымен бірге, Президент Қазақстанның табысты дамуының негізі болып саналатын ұлттық идеяны басшылыққа алуға шақырды.

«Өз қызметімізде біз ұлттық идеямызды басшылыққа алуымыз керек. Оның негізгі құраушылары: ұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті қуатты экономика, зияткерлік дамыған қоғам және әлем құрметіне бөленген мемлекет. Мұның барлығы — Қазақстанның табысты дамуының негізі. Өз кезегінде Ұлттық бірлік доктринасының төрт тірегі бар — ортақ тарих, ортақ құндылықтар, ортақ Отан және ортақ болашағымыз», — деді Президент. Айта кетейік, Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтіп жатыр.