Облыстың бас дәрігері тендер арқылы қызметті ұтып алатын компанияға жоғары талап қоюда

211

Облыста жедел-жәрдем көрсететін бас аяғы 200 көлік бар. Техникалардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Оған жарамсыз медициналық жабдықтарды тағы қосыңыз. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл проблемаларды атап қана қоймай, шешу жолын қарастырып, тіпті тендер арқылы қызметті ұтып алатын компанияға жоғары талап қоюда.

Мұхан Егізбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Шалғай ауылдарда жедел жәрдемде проблема бар. Транспорт тозған. Бұл проблеманы облыс көлемінде талқыладық. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу конкурсын жарияладық. Жедел жәрдем қызметін ұтқан компанияға қоятын талаптарымыз бар. 150 реономобилді көлік әкелуі керек, құрал-жабдықтармен өздері қамтуы керек, дәрігерлерді қысқы-жазғы киіммен қамтуы керек. Ең бастысы мамандарды шетелдік оқу үлгісімен оқытуы қажет».

Десе де, тозығы жеткен көліктерге қарамастан, Түркістан облысындағы дәрігерлер елді- мекендердегі шақыртуға дер кезінде барып, қайғылы жағдайлардың алдын алған. Мәселен, соңғы бір жылда 4 500-ден аса санавиациялық қызмет көрсетіп, ауылдағы ағайынның саулығын жақсартқан.

Айта кетейік, ауылдағы ағайынға медициналық көмекті жақындату үшін үш ауданда инсульт орталығы ашылды. Құны 1 млрд. теңгеге 3 дана компьютерлік томографтар сатып алынды. Ауыл округтегі фельдшерлік акушерлік бекеттер бірыңғайластырылды.

Лаура Нақыпқызы