Мұғалімнің шығармашылығына қолдау көрсетілетіні қуантты. Жалпы айтқанда, мен елімізге жаңа идеология қабылдау керек деп ойлаймын және бұл сөзден қашудың қажеті жоқ. Ол – табысты дамудың идеологиясы болу керек.
Мен партияның басты мақсаты – адамдарға көмектесу және Үкіметтің жұмысына бақылау жасау деп ойламаймын. «Нұр Отан» партиясының негізгі жұмысы идеология, ұлттық бірлік, отансүйгіштік тәрбие, жастардың дұрыс жолмен дамуына ықпал ету болуы керек деп есептеймін. Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде сөйлеген сөздерінен мен өзімді толғандырған осындай бірнеше мәселеге жауап таптым.
Нақ өз жұмысыма қатысты айтатын болсам, жаңа білім беру саласындағы эксперименттерді тоқтатып, сапалы білім мен саналы тәрбиені алдағы уақытта басты бағдар ету керектігі аталды. Мен оны өте дұрыс деп санаймын.
Ұстаздар туралы заң да енді қабылданып, біздің түйткілді мәселеміз шешілер деген үміттемін. Айта кететін жайт, бұл заң жобасында мен болуы мүмкін емес деп ойлайтын мәселелер де қарастырылған. Соның ішінде мұғалімнің шығармашылығына қолдау білдірілетіні бізді қуантты.
Алина Соловьева, Қазақстанның Еңбек Ері, Шымкенттегі №1 мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі