Түркістан облысы, Сайрам ауданында жергілікті тұрғындар кәдімгі аюды мал базарда сатпақ болған. Қарабұлақ базарынан табылған аюды олар темір торға қамап ұстапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова қазіргі таңда бұл жәйт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«3 ақпан күні шамамен сағат 11:00-де Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция бөлімшесіне біреу хабарласып, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында орналасқан жаңа мал базарының аумағында аю жануарының темір тор ішінде тұрғанын айтқан. Келіп түскен хабарлама бойынша сол күні полиция, табиғат қорғау, Түркістан облысы аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары бірлесе тексеріп, мал базарда темір тордың ішінде ақшыл-қоңыр түсті жабайы аюдың тұрғанын анықтады. Осы дерек бойынша материалдар аудандық полиция бөліміне тапсырылып, Қылмыстық кодекстің 339-бабына («Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу») сәйкес реестрге тіркелді. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері ол тұрғынның аюды қайдан алып келгенін, қандай мақсатта сатпақ болғанын анықтап жатыр», — деді Салтанат Қаракөзова.
Ал, жабайы аю Шымкенттегі зообаққа тапсырылған. Қазір оның күтімімен зообақ қызметкерлері айналысуда.