Бүгін Сауран археологиялық-сәулеттік кешені бойынша әзірленген қорғау аймақтарының жобасын талқылау, кеңесу мақсатында Кентау қаласы әкімдігінде жұмыс тобының отырысы өтті.
Жиынға Кентау қаласы әкімінің орынбасары Самат Расұл, «Қазқайтажаңарту» РМК «Ғылыми-зерттеу және жобалау» филиалының ғылыми қызметкері Л.Бейсембаева, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының Бас ғылыми қызметкері Е.Смағұлов, «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» МҚҚК директоры м.а Ж.Құрбан, Кентау қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Байболова, сонымен қатар Кентау қалалық әкімдігіне қарасты мекемелер және қорық-музей мамандары қатысты.
Басқосу барысында «Қазқайтажаңарту» РМК өкілдері тарапынан Сауран археологиялық-сәулеттік кешеніндегі қорғау аймақтарының жобасы таныстырылды. Бүгінгі таңда Сауран, Қаратөбе, Міртөбе, Жаңа Сауран ескерткіштерінің шекарасы бойынша жасалған тұжырымдама негізінде оларды қорғау мен сақтау мақсатында көптеген ұсыныстар айтылды.