Шардарада бизнеске арналған жарық бағасы 2 есеге арзандады

239

Шардаралық кәсіпкерлер бұдан былай коммуналдық қызметке төлейтін қаржыны үнемдей алады. Электр энергиясының бағасы 2 есеге арзандады. Егер бұрын ауданда 1 кВт/сағ. 13 теңге 43 тиын тұрса, қазір – 6 теңге 18 тиын.

Тарифтің төмендеуі аудандағы су электр стансаның жұмысының арқасында жүзеге асып отыр, деп хабарлайды «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы – «Turkistan Invest» компаниясының баспасөз қызметі.

Айта кетерлік жай, тарифтің мұндай жеңілдіктері бизнесмендерге тек Шардара индустриалдық аймағында ғана көрсетіледі. Сонымен қатар, мұнда кәсіп иелеріне жер телімдері мен ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі салаларындағы өндіріс үшін несие алу мүмкіндігі беріледі.

Бүгінгі таңда индустриалдық аймақта жалпы құны 1 125 млн. теңгені құрайтын, 405 жаңа жұмыс орнын ашатын 3 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде құны 2,4 млн. АҚШ долларлық мақтаны қайта өңдейтін «Айқажы» ЖШС зауыты бар. Бұл жобаны «Turkistan Invest» қызметкерлері сүйемелдеуде. Өндіріс қуаты – 50 мың тонна. Өнім көршілес елдерге тасымалданатын болады.

«Түркістан» ӘКК» АҚ-ның филиалы –
«Turkistan Invest» компаниясының
баспасөз қызметі.