Қазақстанға келіп транспланталогиялық операция жасататын шетелдік азаматтар денсаулықтарын нығайтуға әсіресе Шымкенттің білікті ақ халаттыларына сенім білдіруде. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы баян етті.
Медициналық туризмді дамытуға арналған бұл үрдіс өткен жылдан бастау алған. Мәселен былтыр №1 қалалық клиникалық аурухананың білікті дәрігерлері 17 шет мемлекеттің азаматының ағзасын алмастырған. Сондай-ақ шаһарда бір жарым мыңға жуық шетелдікке түрлі медициналық көмек көрсетілген.
Шымшаһардың ақ халаттыларына шекара асып келуші пациенттердің көбейгені еліміздің медицина саласындағы негізгі жетістік саналады. Мәселен, №1 қалалық клиникалық аурухана базасында дәрігерлер жалпы 145 бүйрек және 19 бауыр алмастыру отасын сәтті жасап шыққан. Мұндағы ағза алмастырған науқастардың денсаулығы бір қалыпты дейді мамандар. Транспланталогиялық операция жасатқандардың қатарында медицинасы оқ бойы озық Германия, Канада, Израиль, Румыниядан келген пациенттер бар.
Транспланталогиялық операцияларды жасайтын клиника заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Мұндағы мамандарда білімділігімен қатар білікті. Медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын операция жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын хирургия бөлімі бар. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді.
Абылай Донбай, №1 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Шетелден келген азаматтар олар, өздерінің донорларымен бірге келеді. Ешқандайда Қазақстанның азаматы немесе азматшалары донор болған емес оларға. Біздің мақсат, медициналық туризмді дамыту. Трансплантациядан бөлек басқа да операциялар жасалынады, зерттеулер жасалынады оларға деген».