Shymkent жоғары педогогикалық колледжінің студенттері білімін шетелде жалғастыра алады. Мұндай мол мүмкіндікті Чешир британдық колледжі сыйлап отыр. Өзара келісіммен жұмыс істейтін екі елдегі колледж басшылары білімді ұрпақ тәрбиелеуге кірісіп кеткен. Шымкентке арнайы келген шетелдік қонақ Стелиос Яларакис студенттермен кездесіп, ізденушілерді Англияға оқуға шақырды.
Чешир колледжінің халықаралық байланыс істері кеңсесінің өкілі Стелиос Яларакис Shymkent жоғары педогогикалық колледжінің басшысы Ифтихар Юнусовпен кездесті. Яларакис мырза студенттерге оқудың жазғы бағдарламасын таныстырды. Студенттерге ағылшын тілін жетік үйретіп, өзге ел мәдениетімен таныстыру басты мақсатымыз дейді ол.
Стелиос Яларакис: «Студенттеріңізді Чешир британдық колледжіне қызықты жазғы оқу бағдарламасына шақыру үлкен мәртебе. Дәл бүгінгі күні біздің оқу орнымызда 4000-нан астам азамат білім алып жатыр. Олар негізінен Жапония, Корея, Европа елдерінің, оған қоса Қазақстан елінен келген студенттер».
Темірлан Сәрсенбай презентациядан кейін Британияда білім алу қымбат, тіпті мүмкін емес деген аңыздың өтірік екендігіне көз жеткіздім дейді. Одан бөлек, жас жігіт ағылшын тілін жай ғана үйреніп қоймай, сол елдің атмосферасын да сезіп көруді қалайды.
Темірлан Сарсенбай, 3-курс студенті: «Шетелдік азаматтармен бірге тұру мен үшін қызық. Тілді еш қиналмай үйренуге болады. Одан бөлек, олардың өмір сүру салттарын да жіті зерттеп көргім келеді».
Чешир колледжі Shymkent жоғары педогогикалық колледжінің серіктесі. 2018 жылы екі оқу орны ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Гульнар Ибрагимова, колледж директоры: «Шетелде орналасқан білім ордаларымен Халықаралық байланысты, қатынасты дамытудағы үлкен қадам болды деп айта аламыз. Біздің оқу орны Кембридж аймақтық колледжі, Чешир коллледжі, Малайзиядағы бірқатар колледждермен меморандумға қол қойған. Сондықтан да бұл бағытта жұмыс тәжірибеміз бар. Бұл кездесудің мақсаты келісімге қол қойып, студенттердің өзге тілді үйрену мүмкіндігін беріп, білім мен тәжірибелерін жетілдіру».
Өткен жылы жоғары педагогикалық колледжден 7 студент Кембридж аймақтық колледжіне төрт апталық білім курстарына жіберілген болатын. Биыл олардың саны екі еселенеді деген жоспар бар. Нәтижесінде колледж студенттері заманауи үлгіде білім алып, өз мамандығын жүз пайыз меңгеріп шығады.
Меруерт Ахан