Шымкентте қиын жағдайға түскен отбасыларға тегін тұрғын үй салынады

344

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов халық алдындағы есепті кездесуінде айтты.

«Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес қазір әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөлінуде. Оның ішінде, көпбалалы аналардың мәселесі бізді қатты алаңдатады. Жалпы, еліміздегі көпбалалы аналардың басым бөлігі оңтүстік өңірінде. Әрбір көпбалалы ана – ол батыр ана. Өйткені еліміздің ертеңі болашағы – қазіргі балалар. Сондықтан барлық көпбалалы аналарға өзімнің алғысымды айтамын»,-деді әкім.

Әкімнің айтуынша, қалада жалпы 31 мың көпбалалы ана болса, олардың ішінде 3 200 көпбалалы аналардың күн көріс деңгейі төмен екен. Осыған байланысты, қалада бірқатар жобалар жүзеге асатын болады,-деді ол.

«Бірінші –көп балалы аналар орталығын ашамыз. Екінші–Алтын және Күміс алқа иелері, ай сайын алатын жәрдемақыға көлікте жүру жолақысы есептелген болса да, осы жылдың 1-ші наурызынан бастап қоғамдық көлікте тегін жүретін болады. Үшінші –табыстары күн көріс деңгейінен төмен көп балалы отбасыларға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмек деңгейін 25 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көбейтетін боламыз.

Бұдан бөлек, біз бизнес өкілдерімен бірлесіп «Сен жалғыз емессің»(Ты не один) жобасын бастаймыз. Бұл жоба бойынша қиын жағдайға түскен отбасыларға тегін тұрғын үй салып беретін боламыз»,-деді Ғ.Әбдірахымов. Сонымен қатар, ол биыл жер үйлерге және көпқабатты үйлерге тұрғындардың қауіпсіздігі үшін газ, өрт шыққанда арнайы сигнал беретін1 мың құрылғы алатынынын атап өтті. Былтырғы жылы осындай 60 құрылғы алған екен.