Биыл қаламыздағы 17 мың жеке тұрғын үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады. Ол үшін қалалық қазынадан шамамен 4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінбек. Бұл жайында бүгін «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС — інде өткен баспасөз конференциясында айтылды.
Үшінші мегаполисте 100 мыңнан астам жеке үй бар. Оның тек 11 мыңы ғана кәріз жүйесіне қосылған. Заманауи инфрақұрылымнан мақұрым қалған кей тұрғындар «септиктердің» көмегіне жүгінсе, енді бірі — шайынды суларды далаға ағызады. Алайда біріншісінің де, екіншісінің де кесірі өзгелерге тиюде дейді мамандар.
«Қолдан жасалған «септик» суы жердің астына сіңеді. Жанындағы тұрғындар оны білмейді. Жерді қазып су тартады. Кейбірі кір жуады, хауыз толтырады. Салдарынан ауруға шалдығады».
Сондықтан да жауаптылар жеке тұрғын үйлерді кәріз жүйесіне қосу мәселесі өзекті екенін айтады.
Кәріз жүйесінің қажет екенін тұрғындар да талай рет айтып, биліктегілерден осы мәселені шешіп беруін өтінген болатын. Су арнасының мамандарының айтуынша, бұл кәріз жүйесіне қатысты жалғыз мәселе емес. Мамандар, көп қабатты үй тұрғындарының да енжарлығына ашулы. Себебі, олар кәріз жүйесіне шайынды судан бөлек, қоқыс тастайды. Ал, бұл өз кезегінде кәріз жүйелерінің жұмысына кедергі келтіреді.
Айта кетейік, су арнасының 200 мыңнан астам абоненті бар. Бұл шамамен 1 миллион адам. Олардан күнделікті 100 мың кубтан астам шайынды су шығады. Ал егер құбырлар істен шықса біріншіден миллиондаған шығын, екіншіден тұрғындар үшін қолайсыздық туындауы мүмкін. Сондықтан да, мамандар кәріз жүйелерін дұрыс пайдалануға шақырады.
Айжан Ермекқызы