Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті өртенген үйден екі баланы алып шыққан 13 жасар батыр Бақытжан Беркінбайды марапаттады.

Жас өрен мадақтау қағазымен марапатталды. Ол алты және үш жасар балаларды ажалдан арашалап қалды. Батыр Бақытжан гипстелген қолына қарамастан өртенген үйге қойып кеткен. Күреспен айналысатын ол екі апта бұрын қолын сындырып алған екен.

Еске салайық, 16 ақпанында сағат 16:39-да Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жедел басқару орталығына Абай ауданының Кұрсай шағынауданында өрт туралы ақпарат түскен.

Оқиға орнына келген 14 адамнан тұратын өрт сөндіру қызметінің №1 мамандандырылған жасағы Жаңақұрылыс көшесіндегі жалынға оранған үйдегі өртті ауыздықтаған болатын. Жалпы алаңы 60 шаршы метрді құраған аумақты жалын шарпып үлгерген. Өрт сағат 18:30-да оқшауланған. Үйде 3 бала болған, олар ересектердің қарауынсыз қалған.

Тергеу барысында түтінді көріп шошынған үйдің үлкені қорқыныштан далаға қашып шығып, көршілерінен көмек сұраған. 2005 жылы туылған жасөспірім көршісінің анасына өрт бригадасын шақыртуды сұраған.

Өз өмірін қатерге тіге отырып, қолының ауырғанына да қарамастан екі бүлдіршінді аман алып қалған батыр баланы көршілері мақтан тұтады. Бүгінде екі баланың жағдайы жақсы.

Абай ауданының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Кұрсай шағынауданында бірнеше рет рейдтік іс-шараларды өткізгенін атап өту керек, өйткені көптеген үйлерді жылыту үшін қатты отын пайдаланылады.