Шымкентте сәулет саласындағы қызметтерді цифрландыру бойынша «HALYKSAULET.KZ» жобасы жүзеге аспақ

378

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арнайы тренинг өткізді.

Департамент басшысының орынбасары А.Шілманов өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы ҮЕҰ-дың рөліне тоқталып, сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты екендігін жеткізді.

«Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді жетілдіру — сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың негізі. Электронды түрде қызмет алудың тиімділігі көп. Біріншіден, азаматтар мемлекеттік мекемеге бармайды, яғни азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер тікелей жолықпайды, екіншіден, кезек күтпейді, барлығы жылдам жүреді. Бүгінгі таңда көрсетілетін қызметтердің 86%-і электронды түрде алынуда. Бұл бағыттағы ілгерілік айқын» — деді Айбек Ақбергенұлы.

Айбек Ақбергенұлы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында құрылған «Шымкент – адалдық алаңы» жобасына жеке тоқталып, ҮЕҰ өкілдері мен барлық қатысушыларға жемқорлықпен күресте күш-жігерді біріктіруге, тәжірибелермен бөлісуге шақырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Қабылбеков сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы мәліметтерді Агенттіктің 1424 call-орталығына хабарлау қажеттігін айтты. Сонымен қатар, ұжымдарда қылмыстық құқық бұзушылықтар мен басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсыныстарды талқылау жайымен таныстырды.

«Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев жобалық кеңсе тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталып, сәулет саласындағы қызметтерді цифрландыру бойынша «HALYKSAULET.KZ», санаториялық-курорттық емдеу бойынша электрондық платформа құру бойынша «SANKUR SHYMKENT», Шымкент қаласының мектептерінде демеушілік көмек пен меценаттыққа арналған электрондық платформа құру мақсатында «MEKTEPKE JARDEM» және т.б. жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды.

«Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қаланың кез-келген тұрғынына ашық екендігі айтылып, бірлесе жұмыс жасауға шақырылды.

Іс-шара қорытындысымен ҮЕҰ-ы тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар оң бағаланып, бірқатар ұсыныстар берді.