Шымкентте жарылыстан зардап шеккен тағы бір азамат мүгедек болып қалды

1438

Шымкентте жарылыстан зардап шеккен тағы бір азамат мүгедек болып қалды. 18 жастағы жігіттің дәрігерлер сол аяғын кесіп тастауға мәжбүр болған.

Жарылыс болған 11 ақпан күні Шымкенттегі ауруханаға екі азамат жеткізілген. Екеуі де жарақат алған. Сол күні 1984 жылы туған азаматтың дәрігерлер сол қолы мен аяғын кесіп тастаған. Ал екінші науқастың сол аяғының сүйектері сынған. Дәрігерлер оны бір екі күн бақылып, жағдайы нашарлаған соң ота жасаған.

«1998 жылғы жігіттің жағдайын екі-үш күн бақылап көрдік. Жағдайы күрт нашарлап кеткен соң, амал жоқ өмірін аман алып қалу үшін сол аяғына ота жасап, жартысын алып тасатадық. Ота кезінде оның аяғынан снарядттың өте майда бөлшектері шықты. Операциядан кейін пациентті жансақтау бөліміне жатқыздық. Денсаулығына байланысты пациент әлі бір айға жуық ауруханада ем қабылдауы мүмкін»,-дейді жарақат бөлімінің меңгерушісі Марат Балтөреұлы.

Еске салайық, 11 ақпан күні Шымкентте жер үйлердің бірінде жарылыс болды. Қаланың шетіндегі Забадам ықшамауданында болған жарылыс салдарынан екі адам ауыр халде ауруханаға түскен. Сол күні зардап шеккен 1984 жылы туған азаматтың сол аяғы мен сол қолының орта бөлігіне ампутация жасалынды.

Оқиға болған күні жеке тұрғын үйдің маңы қоршауға алынып, полиция, төтенше жағдайлар мамандары мен тіпті арнайы қызмет өкілдері жұмыс істеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жарылыс болған үйде үш балалы жас отбасы тұрған. Жарылыс балалар мектеп пен балабақшаға, әйелі жұмысқа кеткен кезде орын алған.

Лаура Нақыпқызы