Шымкентте жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық азайған

488

Шымкент қалалық прокуратурасында өткен басқосуда жастар мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы шеңберінде, Шымкент қалалық прокуратурасының ұжымы Парламент Мәжілісінің депутаты Мансұрхан Махамбетовпен кездесті.

Жолдауда Елбасының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағанын ескере отырып, кездесуде жастар мәселесіне назар аударылды және олардың арасындағы қылмыстық құқық бұзушылық мәселелері талқыланды.

Қала прокуроры М.Қожабаев өңірде өткен жылмен салыстырғанда жастардың саны 2,3 пайызға артқанын айтты. Сонымен қатар, конституциялық құқықтарды қорғауға бағытталған құқық қорғау қызметінің негізгі шараларына тоқталды.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде өткен жылы орта-арнаулы оқу орындарының 1,5 мың оқушыға (996 кәмелет жасына толмағандар, 3 жетім бала) 7,3 млн. теңге қаржы көлемінде жәрдемақы және жол жүру үстемақылары төленген.

Прокурорлар қаладағы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың саны 20,5 пайызға төмендегенін де атап өтті.

«Заңсыз есірткі айналымы 15 пайызға төмендегенімен, олардың заманауи сату, тарату әдістері алаңдатушылық тудырады», — деді қала прокуроры.

Осы орайда, қала тұрғындары «Facebook»және«Telegram» платформаларында есірткі заттарының таралу фактілері туралы хабарламаларды көргенде олардың одан әрі таралуына тосқауыл қою мақсатында әлеуметтік желілерде арнайы парақша ашу ұсынылды. Кездесу соңында бірқатар ұсыныстар қабылданды.