Шымкентте «жас сарбаз» сыныбының оқушылары ант қабылдады

1190

«Жас сарбаз». Қаламыздағы бірқатар мектептерде осындай ұранды арқалаған әскери сыныптың оқушылары ант қабылдады. Салтанатты рәсімге білім ұясының ұжымымен қатар, қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы және ауған соғысының ардагерлері шақырылған-ды.

Арнайы әскери киім. Саптық жүрістер мен жүгенді жаттығулар. Қаруды шашып, соңынан құрастыра жинау. Мұндай қырағы іс-әрекеттердің барлығын да «Жас сарбаз» сыныбының шәкірттері жасап, келген көпшілікке мақтана, марқая ұсынды.Маңызды рәсімге қаламыздағы өзге де мектептердің педагогтары бұрылыпты. Яғни, 300-ге жуық алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері де осында. Олар тәжірибелік сағаттарға қарап, жас сарбаздардың сауаты мен қабілетін құп көріп, құнттауға көшкен.

Еске салайық, мектеп бағдарламасына «Жас сарбаз» сыныбы  биылғы оқу жылында, яғни қыркүйек айынан бастап, енгізілген. Аптасын 5 күн бойы күніне 3 сағаттан бекітіліпті. Дәлірегі, бұл сыныптың шәкірттері күн сайын түс қайта осы пәнге жұмылдырылады. Ал алғашқы әскери дайындық пәнінен бұл сыныптың ерекшеліктерін екшей түсіндерген сынып жетекшісі, «жас сарбаздардың» қатарына ену үшін оқушылар арасында арнайы талап қойылып, тиісті ережелер ескерілетінін жасырған жоқ.

Нұрделла Примбеков, «Жас сарбаз» сыныбының жетекшісі: «Бұл сыныпқа оқушылар 7-сыныптан бастап қабылданады. Және әскери, қорғаныс саласына қызығушылығы мен қабілеті бар оқушыларды ғана қабылдаймыз. Онда да білімін саралай келе, арнайы сынақ арқылы бұл сыныпқа келеді. Немесе әкесі, туыстары осы саланың өкілдері болса, мұндайда да біз шәкірттің қызығушылығын қолдап, «жас сарбаздар» қатарына қосамыз. Әзірге мектепте 27 оқушымыз бар. Күн сайын негізгі сабақтарынан соң, осы сыныпқа келіп, сауатын арттырады. Ал бұл сыныптың АӘД пәнінен ерекшелігі — «жас сарбаздар» аталған дәрісте әскери танымның бүге-шігесіне дейін оқып, меңгереді». Айта өтетін ақпарат, «Жас сарбаз» сыныбы қаламыздағы әзірге бір емес, 10 бірдей мектепке қолға алынып, сабақ кестесіне енгізіліп отыр. Ал бұл сыныпты тәмамдаған түлектердің аттестатына тиісті сауатын растайтын арнайы мәлімет міндтті түрде енгізілмек екен.

Мөлдір Бекеева