Шымкенттің бас полицейі жемқор погондылардың әрекеті туралы жайып салды

711

Шымкентте жемқор полицейлер бар. Бүгін халық алдында есеп берген Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов қол астындағы қызметкерлері туралы осылай деді. Кездесуге келген қала тұрғындары бұл жолы учаскелік полицейлердің жұмысын мақтап, тергеу, іздеу жұмыстарымен айналысатын погондылардың сорақы әрекеті туралы айтып берді.

Шымкенттің бас полицейінің есеп беру жиынына келгендер ешқандай кедергісіз кіргізілген. Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов осылайша барынша ашық жұмыс істейтінін дәлелдегісі келіпті. Оны өзінің сөзінде де айта кетті. Бір жыл ішінде қылмыстың барлық түрі күрт азайғанын айтып мақтанды. Сандарды сөйлеткен бас полицей елді полицияға деген көзқарасты өзгертуге шақырды.

Атқарылған жұмыстарды баяндаған басшы халықтың уәжін тыңдады. Кездесуге келген тұрғындардың көбісі учаскелік полицейлердің жұмысын мақтады.

Қала тұрғындарының бірі «Соңғы кездері ұрлық азайды. Себебі полицейлер ауламызды көп аралап, бақылау жасап тұрады» десе, енді бірі «Азат» шағынауданында жақсы болып қалды. Тәртіп орнады, бұл тұрғындарға тиімді» дейді.

Қол астындағы қызметкерлері туралы мақтау естіген басшы халық алдында марқайып қалды. Бірақ саладағы өзге бөлім қызметкерлерінің салғырттығы айтылды. Халықтың құқығын қорғаудың орнына қорлаған бірқатар полицейлердің аты аталып, ел алдында масқарасы шықты.

Қала тұрғыны: «Полицейлер маған мола басында тұрғызып қойып, құран оқытты. Не деген масқара? Мұсылманда тұрып құран оқуға бола ма? Мұнан кейін еш себепсіз ІІБ апарып, үш сағатқа жуық ұстап отырды».

Қала тұрғыны: «Департамент бастығының есебін тыңдауға келгенмін. Отырсам екі кісі сыртқа шақырды. Сөйтіп «сіз не үшін келдіңіз? Сіз оппозиционерсіз» деп мазамды алды. Не үшін келгенімде шаруаң болмасын деп ішке кіріп кетсем, орнымнан айырылып қалдым. Осы жерде дәл қазір сіздің алдыңызда менің құқығым тапталып отыр».

Погондылардан қорлық көрген халықтың проблемасын тыңдаған Ералы Жұмаханбетов заңсыздыққа жол берген полицейлерді өзі қатаң жазалаймын деп уәде етті. Тіпті қарамағында жұмыс істейтін ашкөз тәртіп сақшылары туралы халық алдында жасырмай айтып салды.

Ералы Жармұханбетов, Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы: «Тікенді түбірімен жұлып ала алмайсың. Сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатырмыз, бірақ арамызда бірен саран бар, мойындаймыз. Мен сіздердің алдарыңызда оны ашық айта аламын. Егер алып қойған, жеп қойғандар болса есігім ашық, келіңіздер. Бірақ толық көздеріңіз жетпей, дәлелсіз келудің қажеті жоқ».

Ералы мырзаның бұл сөзі халықтың көңіліне сенім ұялатқандай. Алты ай бұрын ғана басшылық қызметке келген Жұмаханбетов полицейлердің жұмысын реттеу үшін уақыт қажетіггін айтты.

Лаура Нақыпқызы