Шымкентте өрттен құтқару спорты бойынша Қазақстан біріншілігі болып өтті. Мұнда ерлер мен әйелдер командасы өзара мықтыны анықтауға жиналған. Ересектерден бөлек жеткіншектер де өз өнерлерін көрсетті. Жалпы саны 30 – ға жуық команда еліміздің барлық аймағынан бас қосты.

Данияр Абдухариков, жарыс төрешісі: «Біздің бөлімшеде 3 команда бар. Олар ерлер, әйелдер және жастар командасы. Ересектер төтенше жағдай қызметінде жұмыс жасаса, жеткіншектер осы мамандықты меңгеру мақсатында жарысып жүр. Олардың өзі де 3 жас ерекшелігіне бөлінеді. Алғашқысы 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер болса, кейінгілері 15 және 16 жастағы. Ал, соңғысы 17 және 18 жастағы спортшылар».

Жарыс нәтижесінде шымкенттік әйелдер командасы жалпы есепте алтыннан алқа тақты. Жастар да жүлдесіз қалмады. Қоржындарында 2 алтын және 1 күміс бар. Айта кетейік, жоғары нәтижемен көзге түскен жастар ересектер сапына немесе Көкшетауға оқуға қабылданады.

Назерке Үкібасова