Түркістан облысында 28 жас дәрігер баспаналы болды

442

Түркістан облысында шалғай ауылдардағы медициналық мекемелерде маман жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында баспана беріле бастады.

Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен, соңғы жарты жылдың ішінде жоғары оқу орнын бітіріп келген 28 жас дәрігер үйлі болды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Баспаналы болғандардың қатарында хирург, онколог, терапевт, балалар дәрігері және акушер-гинеколог мамандары бар. Олардың дені медициналық мамандықты Алматы, Астана секілді ірі қалалардан меңгерген. Еңбек жолын ауылдан бастағанды жөн көрген жастарға жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетіліп, әрбір маманға 1 миллион теңге бір реттік қаржылай көмек төленіп келеді. Мәселен, 2018 жылы ауылдарға жолдама алған 89 жас маман осындай әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етілген.

«Мұндай көлемде дәрігерлерге қолдау өзге өңірлерде көрсетілген жоқ. Нәтижелі жұмыстың жалғасы ретінде облыстық мәслихаттың сессиясында осы көмек көлемін 1,5 млн-ға көтеруді ұсынбақпыз. Депутаттар қолдайды деп сенеміз. Бұл облыстағы тапшы мамандардың орнын толтыруға септігін тигізеді», — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.

Жаңадан баспаналы болған Ерлан Әлібеков еңбек жолын Шардара аудандық орталық ауруханасында бастаған. Ол отбасылық дәрігер, ал келіншегі акушер-гинеколог. Аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйден екі бөлмелі пәтер алып, қоныс тойын өткізген отбасының жақында тұңғыштары дүниеге келген.

Аталған Шардара ауданында бүгінде 8 дәрігер баспаналы болды. Ауылды жерге жұмысқа орналасқан тағы 22 дәрігер Мақтарал, Отырар, Арыс, Шардара, Келес, Мақтарал, Түлкібас, Ордабасы аудандарында тұрғын үйге қол жеткізді. Өңірде жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі биылғы жылы да жалғасын таппақ.

inform.kz