Түркістандық дәрігерлер салмағы 120 келі әйелге жасанды буын қойып берді

581

Семіздікке шалдығып, аяғын баса алмай қалғандардың саны артуда. Облыс дәрігерлері салмағы 120 келі келетін келіншекке жасанды буын қойып берді. Күрделі отаны жасау оңай емес, сондықтан да германиялық хирургтар көмекке келді.

Операция үстелінде жатқан азаматшаның диагнозы — тізе буын ауруына шалдыққан. Отаның күрделі екендігін бірден байқауға болады. Пышаққа түскен науқастың сырқаты тікелей семіздікпен байланысты дейді дәрігерлер. Өйткені артық салмақ салдарынан тізе буынына ауыртпалық түсіп, жүруден қалған.

Ота сәтті өткенімен, процесс оңайға соқпады. Тізе буынындағы жарамсыз шеміршектерін тазалап, орнына жасанды буын қойылды. Операция облыстық клиникалық аурухана базасында өтті. Оған Германиядан келген травматологтар тартылған.

Денис Ремашевский, Мәскеу қаласындағы РХДУ дәрігері: «Семіздік дертінің эпидемиясы тарап жатыр. Артық салмақ қосымша аурулардың қозуына себеп болуда. Семіздік асқынған науқастарға жасанды буын қою қажетілігі арта түседі. Мен білікті маман болсам да артық салмағы бар азамтаттарға операция жасағанда қиналамын. Өйткені бұл операция кезінде барлық элементтерді тура 100 пайыз дұрыс орындап шығу маңызды».

Бұл — Германиялық дәрігерлердің өңірімізге алғашқы іс-сапары емес. Мамандар мұның алдында аурухана базасында буын алмастыру отасын жасаған болатын. Жергілікті ақ халаттылардың сөзінше, семіздікке шалдыққандардың басым бөлігінің тізе буыны зақымданады. Бірақ көп жағдайда артық салмағы бар азамттардың барлығына хирургтар жасанды буын қойып бере алмайды.

Әбдіғани Құдайбергенов «Қимыл қозғалысы аз адамдар тез семіреді. Салмақты азайтуға әрекет көп керек болады. Ал көп әрекет ету буынға әсер етеді. Сол себепті осы операцияларды өткіземіз. Әрі жүруі жеңілдеп. салмақты тастауға көмектесіп, қоғамда жұмыс жасауға бейімдейміз».

Айта кетейік, Түркістан облыстық аурухана базасында жыл сайын 100-ден аса буын алмастыру отасы жасалады. Мамандар мұндай ота кезінде америкалық фирманың шығарған жасанды буынын науқастарға қойып береді. Дене жарақатын алған­дарға салынатын протез — таптырмас мүмкіндік. Қазір жасанды буынның көмегімен травматологтар мен ортопед­теріміз омыртқасы сынған адамды бірер күннің ішінде аяғынан тік тұрғызуда.

Лаура Нақыпқызы