Түркістандық іскер келіншек қуырылған балмұздақ жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24». Гүлбахар Жекеева мемлекеттік «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша бір ай тегін курс оқып, өз жобасын ұсынған.
Мамандардан кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, 240 мың теңгелік грантқа ие болған. Қажетті қаржы қолына тиген соң, 200 мың теңгеге балмұздақ жасауға арналған құрылғы, ал 40 мың теңгесіне қажетті шикізат пен жеміс-жидек сатып алды. Қазір істің көзін тапқан әйел кәсібін өркендетіп отыр.
«Таңсық дүниеге қызығушылық танытқандардың қатары күн санап артып келеді», – дейді ол. Мәдина Сұлтанова, студент: «Маған балмұздақ қатты ұнады. Бұл жерге балмұздақ жеуге екінші рет келіп отырмын. Мұны қуырылған балмұздақ дейді екен. Басқа технологиямен көз алдыңызда дайындалады. Өте дәмді».
Гүлбахар Жекеева, кәсіпкер: «Технологиясын өзіміз біраз уақыт жүріп меңгердік. Оған 1-2 айдай уақыт кетті. Қазір менің қызым Құндыз үйреніп алып, жұмыс істеп жатыр. Басқа балмұздақтан айырмашылығы, бұл халықтың көз алдында қалаған нәрсесімен дайындалады».