Қаңтар айының коммуналдық төлемдерін төлеуге асыққан қалалықтардың басым бөлігі түбіртектердегі өзгерістерді байқамаған.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа жылдан бастап коммуналдық қызметтердің тарифі біршама төмендеген болатын. Тұтынған жарығы мен суына, көгілдір отынға ақысын төлеуге келген Әлия Болатқызы жаңа бағамды көріп, қуанып қалды.

Әлия Болатқызы, қала тұрғыны: «Тұтынған жылу үшін қарызым бар еді. Соны төлеуге келгенде, жаңа жылдан бастап  коммуналдық төлемдерге тариф төмендегенін естідім. Мамандар барлығын есептеп, түсіндіріп берді. 500 теңгеге кем төледім. Бұл біздің отбасылық бюджетімізге айтарлықтай көмек. Өйткені, азық – түлік, өзге де қызметтер қымбаттады ғой».

Асқар Бөлешов, «ҚуатЖылуОрталық» МКК бөлім басшысы: «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша құн салығын есептегенде жылудың тарифі 22 пайызға төмендеді.  Қаладағы 67 мың 728 тұтынушы бұрын 142,31 теңгеден төлесе, енді тариф -110 теңге болып есептеледі».

Елбасының тапсырмасын бірден орындап, тарифті 10 пайызға төмендеткен «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-і. Мекеме тарифті арзандату үшін кәсіпорындардағы бар мүмкіндіктерді пайдаланыпты.

Жанатбек Тұрдалиев, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і бас директорының орынбасары: «Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз тарифті 10 пайызға төмендетіп қана қойған жоқпыз, қызметкерлердің жалақысын да 10 пайызға  көтердік. Әрине, бұл  кәсіпорын үшін оңайға түспеді. Бірақ біз ішкі  ресурстарымызды қайта қарап шығып, осы игі  істі жүзеге асыруға  мүмкіндік таптық».

Бұл бастаманы Елбасының өзі көтермесе, монополистер құлшыныс танытуға асыққан емес. Сондықтан болар, бағамды түсіруге келгенде қаттылық танытқандары да бар.

Қала тұрғындарының бірі «Бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Тарифтердің төмендегенін байқамадым. Мүмкін жылуға есептегіш құрылғысын қойсам, көршілерім сияқты өзгерісті  сезінген болатын едім» дейді.

Алғысын білдірген тұрғын

Ал енді бірі «Көп рахмет. Тарифті төмендеткені жақсы болды» деп алғысын жаудырды.

Зейнеткер: «Түбіртектегі төлемді зейнетақымды алған бойда төлеп тастаймын. Тарифтер  төмендеді дедіңіз бе? Көңіл бөлмеппін. Үйге барған соң, асықпай есептеймін. Желтоқсандағы төлемдермен салыстырамын».

Шынар Оразова